Көмек керек: Алматы облысында үйі өртенген отбасы шиеттей бала-шағамен күркеде тұрып жатыр
Ал баспаналары екі ай бұрын отқа оранып, күлге айналған. Күнкөрісіне жарап тұрған үйректері мен шошқалары да сол кезде өртеніп кетіпті. Бір-ақ сәтте барынан айырылған 12 адамның басқа барар жері жоқ.
Автор: Асқарбек Қазанғап
30.08.2017
Валентина Сазонованың шарасыздықтан жанары жасқа толды. Ширек ғасырдан астам уақыт тұрған баспанасында оттың қайдан тұтанғанын білмей дал. Үйлері екі ай бұрын тапа-тал түсте отқа ораныпты.
Валентина Сазонова, Ынтымақ ауылының тұрғыны:
-Осының бәрін көзіммен көргенде өзімді өлі адамдай сезіндім. Аптап ыстық пен, дүлей желден бас алған отты тоқтату мүмкін болмады. Қолдан бар келгені тек сырттай бақылап тұру болды.
Абдыраған отбасы бастың амандығы үшін сыртқа ытқып шыққан. Ал қорасында өсіріп отырған 50 шошқа мен 50 үйрегі тірідей өртеніпті. Оқыс оқиғаның куәгері болған тек мына үйрек қана тірі. Өрт сөндірушілер хабар түскеннен кейін бір сағатта жеткен. Бірақ, ол кезде бәрі де кеш еді.
-Ауыздықсыз жалын жарты сағаттың ішінде, көзді ашып-жамғанша мына үйді толықтай жалмады. 1960 жылдары бой көтерген, 50 жылдан астам тарихы бар баспананың түгі қалмай өртенді. Қапелімде не істерін білмей әлек болған отбасы іштен сыртқа ешқандай заттарын да шығарып үлгермеген.
Сазоновтор енді өлместің күнін кешіп жүр. Бір үйдегі 12 жан бастапқыда көлікке де түнеген. Кейін қамқор жандар көмек қолын созып, мынадай күрке алды. Бірақ, қылышын сүйреткен қыстың келуіне аз қалғанын ойласа, қазірден қабырғаларын суық қариды. Сол күнгі жалын көрші үйдің шатырына да шарпыған. Олар түс кезінде «гүрс» еткен қатты дауыстан сыртқа шыққандарын айтады.
Ұрқия Нүсіпова, көршісі:
-Машинаны көшедегі балалар айдап шықты. Мен қайтадан кіргенім жоқ, бірдеңе тарс тарс етіп жатты.
Сазоновтар үйлерін біреу қасақана өртеді деген ойда. Тіптен, Іле ауданының ішкі істер басқармасына арыз да жазған. Өрт болған аумақты Сот сараптама институты зерттепті. Бірақ, әзірге қорытынды дайын емес. Жеті баламен далада қалған отбасы ендігі күндері не боларын білмей дал. Атқамінерлер тарапынан да көмек болар түрі жоқ. Олар енді тек жомарт жандарға жалтақтап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!