Оңтүстік Қазақстанда археологтар 2 мың жылдық тарихы бар жәдігерлерді анықтады
Оңтүстік Қазақстанда археологтар 2 мың жылдық тарихы бар жәдігерлерді анықтады
Автор: Бек Әбиев
31.08.2017
Қаңлы мәдениетіне тиесілі көне тиын, жебе мен керамика Сайрам-Өгем ұлттық қорының аумағынан табылып отыр. Археологтар бұл жәдігерлер көне Қаңлы мемлекетінің экономикалық байланыстарынан көп мәлімет береді деп есептейді.
Сан ғасыр жердің астында жатып тат басқан бұл бұйымдарды археологтар қымбат қазынаға балайды. Пышақ, қашау, біз, тіпті қоладан құйылған қоңырау Үшбастөбе қалашығынан табылған. Археологтар бұл жәдігерлерге қарап 2 мың жыл бұрынғы Қаңлы мәдениетін кітаптан оқығандай білуге болады дейді.
Александр Подушкин, археолог:
-Мына жебенің ұшы көне баспананың еденінен табылды. Ұшы мыжылып кеткеніне қарап, жебе адамға емес, тасқа немесе басқа қатты нәрсеге тигенін білуге болады. Ал, мына қираған керамикалық ыдыстар бұл жерге жау шапқанының дәлелі.
Аяқ астында шашылып жатқан ескі керамиканы археологтар зертханаға тасымақшы. Ол жерде қирандыны қалпына келтіріп, бүтін ыдыс құрастырады. Сынған құмыралардан арасынан археологтар көне монета да тапқан. 18 ғасыр бұрын айналымда болған деп болжанған мыс тиын бірінші рет табылып отыр.
Константин Худоерко, археолог:
-Бұл монета Үшбастөбе қамалынан табылды. Мұның бір жағында біздің дәуіріміздің 2ші-4-ші ғасырларында өмір сүрген бізге беймәлім Шаш қаласының билеушісі бейнеленсе, екінші жағында қаңлылардың таңбасы бар. Сол заманда Шаш қаласы қаңлылардың қарамағында болатын. Бір тиынның өзі қанша тарихты білуге мүмкіндік ашады.
Үшбастөбеде 6-шы жыл жұмыс істеп жүрген археологтардың айтуынша, Өгем өзенінің бойында осы қамал секілді 10 шақты археологиялық ескерткіш бар. Жұмыс жеткілікті болғанымен, мемлекеттен қолдау жоқ дейді. Сондықтан, қаржы болмаса да құлшынысы жетерлік археологтар жұмысты ары қарай жалғастырмақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!