Құрбан айт қарсаңында әдеттегідей мал бағасы қымбаттап шыға келді
Ертең әлем мұсылмандары үшін қасиетті Құрбан айт мейрамы басталады. Ал елімізде ұлық мейрам қарсаңында әдеттегідей мал саудасы қызып жатыр. Мұсылмандық жоралғысын орындағысы келгендер бағаның өскеніне аса қарап жатқан жоқ. Науқандық кезеңді сәтті пайдаланып қалуға тырысқан сатушылар да төрт түлік бағасын әлдеқайда арттырғанын ашық мойындайды.
Автор: Ербол Тұрымбет
31.08.2017
Игі мұсылман үшін Ораза айттан кейін 70 күннен кейін басталатын Исламдағы ең үлкен мейрам биыл 1 қыркүйекке тура келіп тұр. Барша мұсылман ертеңнен бастап үш күн қатарынан ұлық мейрамды тойлайды. Қазақстан мұсылмандарын Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да құттықтады.
Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстанның бас мүфтиі
-Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін. Еліміздің барша азаматтарын мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүгедектерге, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасауға шақырамын. Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей!
Мұсылман қауымының қасиетті мейрамына бірер күн қалғанда базарлардағы мал бағасы әдеттегідей шарықтап шыға келген. Әсіресе, ең өтімдісі қой. Бірақ, алуға келгендер арзан-қымбатына қарап жатқан жоқ. Бар білгенінше тәуірін таңдап алып, көлікке тиеп жатыр. Мұндайда кім-кімнің де малдың жақсысын, семізін алғысы келетіні белгілі. Бірақ, қалай таңдау керек?
-Семіз қойды таңдаудың да түрлі тәсілдері бар. Айталық, ақ қойды көбіне құйымшағынан тексерген дұрыс. Ал қара қойды арқасынан байқаған абзал. Өйткені, арқасын ұстағанда омыртқа сүйек қолға қатты батпаса, етті деген сөз. Сондай-ақ, қойдың жасын тісінен де анықтайды. Тіс неғұрлым іріленіп, азайған сайын қойдың да күйі қаша бастайды екен.
Бұл базарға келгендердің қырып алып жатқаны тоқты-тұсақ. Барлығы дерлік жайлаудан кеше-бүгін әкелінген. Ал бағасының біршама көтерілгенін сатушылардың өздері мойындайды.
Самат Төтебаев, сатушы:
- Үстіне 2 мың-3 мың қосылады енді. Сатып алушылар былтырғы келушілердей деп айта алмаймын. Себебі, халықтың жағдайы мықты емес. Өте қымбат.
Дегенмен, ең бастысы құрбан шалуға жәй әрекет емес, діни түсінікпен қарау керек дейді діндарлар. Сондай-ақ, оның өзіндік шарттарын орындау керек.
Руслан Қайыргелді, Алматы қаласы Орталық мешітінің ұстазы:
-Құр құрбанды шалып, оның етін жеу ғана емес, мақсат – «Құрбан» деген өз жалпы Алланың разылығына осы құрбан шалу арқылы жақындау екен.
Алматы қаласында әр аудан бойынша құрбан шалатын арнайы орындар дайындалған. Сонымен қатар, Орталық мешітте ертеңгі Айт намазынан кейін мерекелік шара ұйымдастырылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!