Көкшетауда зорлықтың құрбаны болдым деген бойжеткен жалғыз өзі наразылыққа шықты
Сандықтаулық Наталья Буланова осылайша заңсыз шешім қабылдаған судьяның отставка кетуін талап етуде. Ақмола облыстық соты ғимаратының алдына келген ол «Судья Шәймергенов қызметінен кетсін» деген жазуы бар плакатты мойнына іліп алыпты. 23 жастағы қыз 2 жыл бұрын аудандық мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер Алексей Джейрановтың өзін зорлағанын айтып шағымданған болатын. Бірақ өткен айдың соңында сот оны ақтап шығарды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
04.09.2017
2 жылға созылған сергелдеңге осы сотта нүкте қойылатын болар деп ойлаған Наталья Буланова депутаттың аяқ астынан ақталып шыққанын түсінбей отыр. Қалай да әділдікке қол жеткіземін деген ол бүгін жалғыз өзі наразылыққа шықты.
Наталья Буланова:
-Судья Шәймергенов отставкаға кетсін! Ондай адамды сот жүйесінен қуу керек. Ол сатылып кетті. Джейранов мені мазақ қылды. Ал судья мен Джейранов заңды мазақ қылды. Менің дәлелім жеткілікті. Осы жерге облыстық сот та назар аударса екен деп шықтым.
Осылай деп ашынған Наталья депутаттан зорлық көргенін қалай да дәлелдеуге бар күшін салмақ. Зеренді аудандық сотының шешіміне қарсы шағым түсіріп үлгерген адвокаты да әйтеуір шындықтың бір ашыларына сенімді.
Владимир Филипенко, адвокат:
-Джейрановты сот ақтап шығып, өзінің әділетсіздігін, дәрменсіздігін көрсетті. Біздің қолымызда Қазақстандағы ең білікті сарапшылардың генді-молекулярлық сараптама қорытындысы бар. Судьяның қандай болжаммен осындай шешім қабылдағаны түсініксіз.
Наталья кәсіпкердің жеке шаруашылығында есепші болып істеген. Ауыл шетіндегі кеңсенің бір бөлмесінде тұратын оған бастығы кешқұрым жұмысын сылтауратып келіп бас салған көрінеді. Сандықтау аудандық мәслихатының депутаты, өңірге белгілі ірі кәсіпкер Алексей Джейрановты ол содан бері заң алдында жазалай алмай жүр.
Буланованың облыстық сот ғимараты алдындағы наразылық шарасы екі сағатқа созылды. Бірақ осы уақыт ішінде сот қызметкерлерінен наразылыққа назар аударған ешкім болмады. Ал, арым тапталып, намысым қорланды деген ол әділдікке жетпейінше тоқтамаймын деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!