Бангладеш Мьянмадан қашқан мұсылмандары кері қуып жатыр
Мьянмадағы ахуалға Қазақстан да алаңдаушылық білдіріп отыр. Бүгін Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жаппай қуғынға ұшырап жатқан мұсылмандарға біздің еліміздің де араша түсіп жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, дипломаттарымыз халықаралық ұйымдармен бірігіп, Мьянма билігін қатыгездікті тоқтатуға барынша көндіріп жатыр. Ал қырғыннан бас сауғалап қашқан рохинджалар болса, бірнеше күннен бері ешбір елді паналай алмай, шекарада босып жүр.
Автор: Аруна Ортай
04.09.2017
Мьянма десе қазір әлем жұртының есіне түсетіні әйгілі құқық қорғаушы Аун Сан Су Чжи. Нобель сыйлығын бейбітшілік номинациясы бойынша алған саясаткер қазір осы елдің Үкіметін басқарады. Әрі дәл осы Сан Су Чжидің билікке келуімен рохинджаларды қуғындау басталған. Соңғы мәліметтер бойынша, қарулы күштер рохинджалардың 400-ден астамын өлтіріп, жаппай қуғын-сүргінді бастапты. Десе де, ресми билік мұны мойындамай отыр. Айтуларынша, тек «Аракан әскері» атты террористік ұйымға қарсы шабуылдаған. Десе де, ғаламтордағы кісі шошырлық көріністер нағыз геноцидтің болғанын көрсетіп отыр.
Әр жерде шашылған бала-шағаның мәйіті әлем жұртын шошытты. Рохинджа-мұсылмандарының басына түскен бұл қасірет Қазақстанды да бей-жай қалдырмады.
Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:
-Мьянмадағы ахуалға біздер де қатты алаңдаушылық білдіріп отырмыз. Қазір халықаралық ұйымдармен бірігіп ондағы жағдайды реттеуге атсалысып жатырмыз. Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар ұйымының осы сұрақ бойынша жабық кеңесіне қатысып, Қауіпсіздік Кеңесімен бірге Мьянма билігін әріптестікке шақырдық. Бұл исламофобияның көрінісі. Бұған тоқтам керек.
Мьянманың 90 пайызы – буддистер. Олардың рохинджалармен қақтығысы негізі бірталай жылдан бері жалғасып келеді. Соңғы екі жылда тіптен ушыққан. Мұсылмандардың бұл елде қазір білім алып, дәрігерге көрінуге де қақысы жоқ. Мұндай діни алалаушылыққа Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та шыдай алмай, Мьянмадағы мұсылмандарға араша түсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы:
-БҰҰ Мьянмада болып жатқан оқиғаларға өзінің тура көзқарасын білдіру қажет.Соншама көп жазықсыз мұсылмандар қуғын-сүргіннен өліп жатыр.
Ракхайн штатындағы қантөгіске алғашқылардың бірі болып Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қарсы шықты. Саясаткер мұсылмандарға жасалған опасыздықты геноцид деп атап, оны көріп үнсіз отырған мемлекеттерді жазғырды. Ресейліктер де жаппай наразылықтарын білдіруде. Жүздеген тұрғын Мәскеудегі Мьянманың елшілігі алдында жиналды.
-Буддистер – жауыз лаңкестер!!!
Рим папасы мен сол буддистердің рухани көсемі Далай Лама да Мьянма билігін құдайшылыққа шақыруда. Десе де, оларға құлақ асайын деп отырған ешкім жоқ. Өйткені, сепаратистерге қарсы күресті желеу еткен билік Біріккен Ұлттар ұйымының ескертуіне қарамастан, қарулы қақтығыстарды тоқтатар емес. Сорақысы сол, Бангалдеш те жан саулап барған рохинджаларды шекарадан өткізбей қойған. Салдарынан, мыңдаған мұсылман қазір екі елдің шекарасында ас-сусыз босып жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!