Елімізде жалақы көбейіп, азық-түлік пен ақылы қызметтер құны одан әрі шарықтап кеткен
Онда да орташа айлық көлемі жыл басынан бері бар-жоғы 5 пайызға артыпты. Ал, шығын еселеп көбейіп отыр. Соның кесірінен, жұрттың сатып алу мүмкіндігі 2 жарым пайызға төмендеген. Ал, тәуелсіз сарапшылар шын мәнінде халықтың тұрмысы бұдан да мүшкіл деп отыр. Тек ресми органдар ішкі экономикалық жағдай сәл де болса жақсарып, инфляцияның қарқыны баяулады деуден жалығар емес.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
04.09.2017
-Отандастарымыз көп нәрсеге шектеу жасауға мәжбүр. Өйткені, алған жалақы керек-жарақтың бәрін сатып алуға жетпейді.
EnergyProm сарапшыларының мәліметінше, биыл жұрттың сатып алу мүмкіндігі 2,4 пайызға төмендеген. Әсіресе, кәсіби ғалымдар мен техника мамандарының тұрмысы қатты нашарлап кетіпті.
-Биыл олардың жалақысы бақандай 20 пайызға қысқарған. Сәйкесінше, сатып алу мүмкіндігі 25 пайызға азайыпты. Ал, құрылысшылардың жалақысы 7 пайызға көтерілгенімен, оның да пайдасы шамалы. Мемлекеттік басқару органының қызметкерлері биыл 2 жарым пайызға көп жалақы алады. Ал, сатып алу мүмкіндігі одан 2 есеге төмендеген. Дәрігерлердің де жағдайы осындай.
Осылайша, орташа жалақының 5 пайызға, яғни 145 мыңға көтерілуі жұмысшыларға еш білініп жатқан жоқ.
Динара Мұқашева, «EnergyProm» сарапшысы:
-Азық-түлік пен ақылы қызметтер тарифі тез қымбаттауда. Ал, жалақы баяу көтеріліп жатыр. Сондықтан, оның инфляцияны қуып жетуі мүмкін болмай тұр.
Дегенмен, жуырда ғана Ұлттық банк инфляция қарқынының баяулағанын мақтанышпен жеткізген еді. Биыл жалпы ішкі өнім де 4,2 пайызға өсіпті. Бірақ, экономистер мұндай ресми мәліметтердің шындыққа мүлдем жанаспайтынын айтады.
Бақытжан Омаров, экономист:
- 25 жылда біздің ішкі жалпы өнім мың жарым доллардан 25 мыңға дейін өсті. Бірақ біздің өмір деңгейіміз 20 есе өскен жоқ қой. Бізде көп тауарлар өзімізде өндірілмейді. Барлық тауар сырттан келеді. Сырттан келгесін олардың бағасы долларға байланысты көтерілуі тиіс.
Яғни, күн көріс қамының қиындауына бірінші кезекте АҚШ ақшасының шарықтап, теңгенің әлсіреуі себеп.
-Бізде халықтың сатып алу мүмкіндігі соңғы жылдары өскен емес. Әсіресе, дағдарыс кезінде оның қарқыны тіптен баяулап кеткен болатын. Ал, қазір қаржылық қиындықтан шыққанымен, ол да жұрттың жағдайына оң әсер етпей тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!