Көкшетауда екі құрылысшының басына кірпіш құлап кетті
Кран текшеленген тасты биікке көтерген кезде төмен қарай шашылған. Осы кезде екі құрылысшы сол жерде болыпты. Бірден жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген олардың бірі қазір амбулаториялық ем қабылдап жатса, басы жарылған екіншісінің халі ауыр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
05.09.2017
-Оқиға мына құрылыс алаңында болған. Кран жұмыс істеп жатқан кезде, біреу қауіпті аймақта адамның бар-жоғын бақылап, белгі беріп тұруы тиіс екен. Алайда төмендегі екі бірдей құрылысшыны шашылып түскен ондаған кірпіштің астында қалғанда барып бір-ақ байқаған.
Буылған кірпішті кран 3-ші қабатқа дейін көтерген кезде сым босап кетіпті. Жоғарыдан құлдилаған тастар жердегі 2 адамға тиген. Естері кіресілі-шығасылы жаралы жұмысшылар бірден жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. 53 және 35 жастағы екі құрылысшының бірі жарақаты жеңіл болып, амбулаториялық ем қабылдауда. Ал екіншісінің басына ота жасалды.
Талғат Бекенов, Ақмола облыстық ауруханасының дәрігері:
-Құрылысшы 82-ші жылы туылған. Диагнозы ауыр ашық ми жарақаты. Операция өтті. Қазір қал жағдайы ауыр.
Тапсырыс беруші бұл үшін жауапкершілікті қосымша мердігерге артса, ал қосымша мердігерлікті алған жеке кәсіпкер Қанат Канапин нысан «Эстетстройдікі» деп ат-тонын ала қашты. Қазір бұл жағдайды еңбек инпекторларымен бірге полиция да тексеріп жатыр.
Гүлнар Пинчук, Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Еңбек қауіпсіздігінің сақталмағанына қатысты іс қозғалды. Мердігердің кінәсі ме, әлде құрылысшылар қауіпсіздікті сақтамады ма, тергеуден кейін белгілі болады.
Әзірге белгілісі, компания бұл екі жұмысшымен келісім-шартқа отырмаған екен. Соған қарағанда, екеуі де өтемақысыз қалатын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!