Тапшылық: Петропавлда мектеп жөндейтін құрылысшылар қат
Петропавлдағы ескі мектептердің бірінің әкімшілігі ғимарат сыртын жөндейтін құрылысшылар таппай отыр. Білім ордасының ішін әупірімдеп әрлегенімен, сыртына ештеңе жасай алмайды екен. Өйткені өткен ғасырда салынған мектеп облыстық маңызы бар тарихи ескерткіш тізіміне енген. Ендеше мұндай жұмыстарды тек арнайы лицензиясы бар фирма атқара алады деген сөз. Ал ондай мекеме облыста мүлдем жоқ болып шықты.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
06.09.2017
Бұл ғимараттың сәулет ескерткішінің тізіміне енетіндей тарихы да жоқ. 1956 жылы салынған мектеп қалада соғыстан кейінгі қиын жылдары тұрғызылған алғашқы көпқабатты білім ордасы. Сол үшін ғана осындай мәртебеге ие болып отыр.
-Бір қарағаннан айдалада ақ отау болып тұрған мына төмпешіктің не екенін аңғару қиын. Бұл осы мектептің жертөлесінде орналасқан бомбадан тығылатын орынға апаратын есік екен. Сол кездің ғимараттарының дені алда тағы бір соғыс болуы мүмкін деген жорамалмен салыныпты.
Одан кейін еш соғыс болмаса да, мектептің қазіргі сиқы сол кездегі шайқастан әрең қалғандай күйде тұр. Сыртқы сылағы құлап, төбеден аққан су бұрыштағы кірпіштерді шайып кеткен.
Болат Сатыпалдинов, №21мектептің директоры:
-Ғимараттың сыртын сылағанымен одан пайда жоқ екенін түсіндік. Сөйтіп былтыр мектептің төбесін 8 миллион теңге жұмсап қайта жаптық. Ендігі шаруа ғимарат сыртына келіп тіреліп тұр.
Соңғы рет мектептің сырты осыдан 15 жыл бұрын сыланыпты. Содан бері қабырғаға жан баласы қол тигізбеген.
Светлана Муродова, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Мектептің іші жыл сайын жөнделеді. Ал сыртқы келбетін көріп тұрсыздар. Баламызды мұндай мектепке әкелуге ұяламыз. Ұятты қойшы, төбеден кірпіш не сылақ құласа, жазатайым жағдай болуы мүмкін.
Бұл мектептің сырты қалалық әкімдіктің талай жылғы бас аурына айналған. Өткен ғасырда тарихи ескреткіш тізіміне енгізілген ғимаратты заң бойынша тек реставрациялық жұмыстар атқаруға лицензиясы бар фирма атқара алады. Оның өзінде бар шаруа арнайы мамандардың қатаң қадағалауында болуы тиіс. Ондай фирма өңірде мүлдем жоқ. Ал сылаққа деп қала қазынасына бөлінген 6 миллион теңгені сырттан жалданатын фирмалар менсініп отырған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!