Қайғылы оқиға: Ақтөбе облысында дала өртін сөндірмек болған ауыл әкімі мен мұғалім тірідей жанып кетті
Ақтөбе облысында дала өртін сөндірмек болған ауыл әкімі мен мектеп директорының орынбасары тірідей жанып кетті. Олардың жанында болған тағы бір жұмысшы күйіп қалған.
Автор: Жаңалық Ахаш
06.09.2017
Әйтеке би ауданының Сұлукөл ауылы маңында екі күн қатарынан от тұтанып, оны әкімдік жанындағы шағын өрт сөндіру жасағы сөндіре алмапты. Ақыры ауыл жастары мен мектептің ер мұғалімдерін жалынды ауыздықтауға тартады. Қостанай өңірімен шектесетін осы елді мекенге бір жыл бұрын басшы болып тағайындалған Батырбек Бірлепесов те сол жерде болады. Ол мектеп қызметкері Жолдыбек Әбдісаламов екеуі түтінге тұншығып, оттың ортасында қалған. Денесін толық күйік шалған әкім сол жерде көз жұмса, оқытушы аудандық ауруханаға жеткізілгенде қайтыс болды. Марқұмдардың артында үш баладан қалды. Дала өртін сөндіруге шыққан тағы бір ерікті қазір есін жия алмай жатыр. Оны Әйтеке биден облыс орталығына тікұшақпен жеткізбекші. Айта кетелік, шенеуніктердің көбі ауыл мектебінің мұғалімдерін жұмсауды әдетке айналдырған. Олар қайда болса да сабағын тастап баруға мәжбүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!