Жүннен шыққан жанжал: Алматы облысында әкім орынбасарынан таяқ жеген кәсіпкер күтпеген жерден күдіктіге айналды
Алматы облысында субсидия үшін төбелескен білдей әкім орынбасары мен фермердің ісі сотқа жетті. Бастапқыда таяқ жедім деп шаруа арызданғанымен, процес кезінде керісінше оның өзі айыпталушы орындығынан бір-ақ шықты.
Автор: Аруна Ортай
06.09.2017
Шенеунік пен шаруаның сотын қызықтауға келгендер көп. Қатысушылар күлкіден жарылғалы отырса, ал фермер жылауға шақ отыр. Талдықорған әкімінің орынбасары субсидия сұрағаным үшін тұмсығымды бұзды деп әлеуметтік желіде шағымданған Алмасбек Садырбаевтың өзі енді айыпталушы орындығында отыр.
Алмасбек Садырбаев, сотталушы:
- «Сен менімен қалай қалай сөйлесесің» деп иығымнан ұрып жіберді. Мен де қарап тұра алмадым. Сөйтіп арада төбелес басталды. Бір кезде кабинетке көмекшісі кірді. Мені қалқалай бергені сол еді, Тұтыбаев сол сәтті пайдаланып оң жақ шекемнен жұдырықпен тағы ұрды.
Айтуынша, ол Асқар Тұтыбаевқа жүнге субсидия сұрап барған. Алайда, көмек орнына жұдырық алыпты. Десе де, шенеунік мұның бірін де мойындап отырған жоқ.
Асқар Тұтыбаев, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары:
-Мен емес, ол мені соққыға жықты. Полицейлер үсті-басымды көріп, арыз жазыңыз деді. Жыртылған жейдемді, басқа да киімімді шешіп алып, іске тіркейміз деді. Алмасбекке хабарласты менің көзімше, бірақ ол телефонын алмады. Өзінің кінәлі екенін білген ғой.
Жүннен басталған жанжал әкімдіктегі бақылау камераларына да түсіп қалған. Бірақ бар болғаны төбелестен кейінгі, дәліздегі көріністер ғана. Онда бір топ әкімдік қызметкерлерінің Садырбаевты қоршап алып, артынша шығарып жібергені көрініп тұр. Алайда, фермердің адвокаты шенеуніктің кабинетінде де камера болған дейді.
Бақытгүл Батырханова, А.Садырбаевтың адвокаты:
-Талдықорған әкімдігінен таспаны талап етемін. Кабинетте болған жайт сол дискіге жазылған. Бірақ олар әдейі көрсетпей отыр. Құрылғы бұызылып, жөндеуге бердік дейді. Ол таспа нағыз айғақ көзі. Көрсетсін, не үшін тығып жатқаны белгілі ғой?!
Әйтсе де таспа табыла ма, онда төбелескен сәт бар ма белгісіз. Әзірге, сотталушы орындығында субсидия сұрап барған фермер отыр. Егер дәйек табылмаса, ол мемлекеттік қызметкерге күш қолданғаны үшін сотталуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!