Ұят: Алматыда жарнамасы жер жарған қымбат электробустар тұралап тұр
Әспеттеп таныстырылған электробус әлі қаңтарылып тұр. Ұзындығы 18 метрлік салақұлаш көлікті Алматы әкімдігі өткен айда көпшілікке мақтанышпен көрсеткен. Жоспар бойынша ол саяхатшыларға қаланың керемет жерлерін аралатуы тиіс болатын.
Автор: Ербол Тұрымбет
06.09.2017
Электробустың айдан аса тұралап қалуына бірнеше себеп бар екен. Қалалық басқармаға ұсыныс жасалғанымен, көліктің жүретін бағыты әлі нақтыланбаған. Оның үстіне қалада тоқпен жүретін көліктің қуатын толтырар орын жоқ. Еуропадан алдырылған арнайы мамандар онысын енді жасап жатыр. Айта кетейік, жаңа электробус Германияда небәрі алты данамен шығарылған. Оның бесеуі Еуропа елдерінде, ал алтыншысы Алматыдағы әл-Фараби мен Достық даңғылдарының қиылысында тұр. Оны алғаш таныстырған компания басшысы экологиялық таза әрі жанармай дегенді ұмытамыз деп көпіртіп мақтағаны есте. Енді бағыттың белгісіздігі қол байлау дейді.
Мұрат Әділханұлы, «FalconeEuroBus Қазақстан» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:
-Қазір арнайы бағыт беруі керек. Қай көшелермен жүреміз, қай жаққа барамыз, қандай жаққа туристер барады, сондай бағытты қазір жасап жатыр. Осы қыркүйек айында ол толық бізге берілуі керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!