Күдік пен үміт: Латын әліпбиінің алғашқы нұсқасына қатысты пікірлер қақ жарылды
Отандық ғалымдар латын әліпбиінің нұсқасын ұсынды. Жаңа графикада 25 белгі мен қосарланған 8 дыбыс бар. Бас аяғы 33 әріп. Бұл нұсқа жүзден астам алфавиттің ішінен таңдалыпты. Авторлар қазақтың төл дыбыстарын беретін ноқаттардан бас тартып, классикалық латын әріптерін негізге алған. Бес ай сарапталып, бапталған әліпби ә дегеннен қызу талқыланып жатыр. Пікірлер әрқилы.
Автор: Азамат Алдоңғаров
11.09.2017
Бүгін қазақ елінің латын әліпбиіне көшуінің алғашқы қадамы жасалды десе болады. Парламентте өткен таныстыру - бұл жаңа қаріптерді қоғам боп талқылаудың басы. Сонымен, жұмыс тобы халық ішіндегі жүзден астам нұсқаны қарап, осыған тоқтапты.
-Бірден көзге ұратын өзгешелік, ұсыныста классикалық, әрі Байтұрсыновтың латынынан бір әріп кем. Себеп енді хат дегендегі Х-да, қаһармандағы Һ дыбысы да кирилдің Х әрпімен беріледі. Ұ мен у-дың да таңбалануы басқаша. Қазақтың төл дыбыстары диграф тәсілімен жазылады. Мәселен, ән сөзі енді үш символдан, ал төрт әріпке сыйған өңір – алты әріптен құралады. Щ, жуан және жіңішкелік белгілері мүлдем жоқ.
Отандық ғалымдардың латын әліпбиін әзірлеуге жарты жыл уақыты кеткен. Бірақ Үкімет оны дереу бекітеді деген сөз емес. Сондықтан бүгін Парламентте көпшіліктің талқысына түскен жобаны құптағандар да, кемшілік тапқандар да көп болды. Мәселен, ағылшын тілінің мамандары нұсқадағы қосарланған әріптер ағылшындардың латынынан өзгеше дейді. Бұл кейін қолданыста қиындық туғызады. Мәселен Ғ әрпінің таңбалануы ағылшынша оқығанда басқа дыбыс беруі керек.
Танат Аяпова, жұмыс тобының мүшесі:
-Біз халыққа бірінші – қазақ тілінің ерекшелігін беретін етіп жасауымыз керек латын алфавитінің негізінде. Сонымен қатар халыққа, оқушыларға, студенттерге жазуға қолайлы, ешқандай қиындық тумайтын латын әліпбиін таңдауымыз керек.
Маман қазақтың төл дыбыстарының таңбалануына ерекше мән беру керек дейді. Ал ноқаттан бас тартқан нұсқа латынға көшуді техникалық тұрғыда жеңіл әрі үнемді еткенімен, тілді шұбарлайды дейді.
Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры:
-Халыққа ұнау-ұнамау деген әңгіме болмауы керек, мұнда ұнату деген мәселе жоқ. Егер адам өзінің ұсынысын ғылыми жолда дәлелдей алса, фонетикалық-лингвистикалық принциптерге сүйенсе, егер ол кісінікі дұрыс болса неге қабылдамасқа?
Төл дыбыстардың таңбалануының үлгілерін азаматтар Тіл білімі институты жанындағы жұмыс тобына ұсына алады. Жалпы қоғам боп талқылау жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады дейді шенеуніктер. Соңғы нұсқа бекітілгеннің өзінде, латынға сатылап барып көшпекпіз.
Ерболат Досаев, ҚР премьер- министрінің орынбасары:
-Үкімет соңғы нұсқа бекітілгеннен кейін ғана нақты қадамдарға көшеді. Мәселен барлығымызға қатысты құжат ауыстыруда қолдағы құжаттың мерзімі бітпей ешкімнен латынмен жазылған төлқұжат талап етілмейді.
Қазақстанның жаппай латын әліпбиіне көшуі өзгеріссіз сол президент межелеген 2025 жылға жоспарланып отыр. Дайындық жұмыстарына бюджеттен 2018 жылға 250 млн теңге бөлініпті. Бір нұсқа бекітілгеннен кейін нақты іске көшіп, шығын артуы мүмкін деп ескертеді шенеуніктер. Ал кирилица мүлдем құриды деп алаңдаудың қажеті жоқ. Ескі жазу орыс тілін оқуда, орысша жазып-сызуда өзгеріссіз қолданыла бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!