Ақтөбе облысында тірідей жанып кеткен ауыл әкімінің туыстары болған оқиғаға шенеуніктерді кінәлады
Ақтөбе облысында тірідей жанып кеткен ауыл әкімінің туыстары өрт кезінде қол қусырып отырған шенеуніктерге өкпелі. Марқұм Батырбек Бірлепесов төрт күн бойына аудан мен облыстағы әкімдіктерден құтқарушылар жіберуін өтінген екен. Бірақ ондағылар тілсіз жауды өз күштерімен ауыздықтауды бұйырыпты. Ақыры жалғыз трактормен алапат жалынға әлі келмеген ауыл әкімі мектептің екі қызметкерімен қоса жанып кетті. Олардан бөлек тағы бір адам отқа күйіп өлді. Ал құтқарушылар мен аудан басшылары түрлі уәж айтып ақталып әлек.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.09.2017
Осыдан тура бір апта бұрын далада тұтанған от елді мекен іргесіне дейін жеткен. Бір ауыл болып оны төрт күн бойына өшіре алмапты. Ауыл әкімі Батырбек Бірлепесов, мектеп мұғалімі Жолдыбек Әбсәламов пен күзетші Жомарт Смайылов сол жалын ортасында қалып қойған. Марқұмдардың күйген киімдері оқиға орнында әлі жатыр.
-Бет жақтары аман қалған. Үстері жанған. Жабысып қалған ғой.
Сұлукөл ауылының тұрғындары әлі күнге дейін өздеріне келе алар емес. Үш бірдей адамның тірідей үйітіліп қалғанын айтады. Тіпті ауыл әкімінің киімі күл болып, белдігі мен аяқ киімі ғана қалыпты. Марқұмның туыстары төрт күн бойы сырттан ешбір көмектің келмегеніне өкпелі. Өйткені ауыл әкімі Әйтеке би ауданынан бастап, облыс орталығындағы басшылардың барлығынан жәрдем сұраған.
Кенжеғали Қошанов, марқұм Б.Бірлепесовтың ағасы:
-Көмек келген жоқ төрт күннен бері. "Шыдаңдар" депті. адамдар өліп кеткесін келген ғой.
Ал өрт сөндірушілер өздеріне шаң жуытар емес. Сол күндері Әйтеке би ауданының жеті ауылында өрт болған. Солардың барлығына қосымша күш жібердік деп отыр.
Бауыржан Сыздықов, Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы:
-Облыстан барды техника. Аудандық жердегі күшті де жұмылдырдық.
Бірақ ол күштерді Сұлукөлден көрдім-білдім деген адам жоқ. Аудан басшылары да дала өртін сөндіруге дайындығымыз күшті болатын деп ақталып отыр. Сондағысы резеңкеден жасалған сапалақ таратып берген.
Темірбек Рахметов, Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары:
-Қолдан резинкадан сапалақтар жасалды. Бір жерде он үш адам болса бірден, екіден үштен сапалақтар дайындалды.
Сұлукөл ауылы маңындағы далалық өрттің кесірінен сондағы әкім мен мектептің екі қызметкерінен бөлек көрші ауылдың малшысы да жанып кеткен. Дәл осындай оқиға сол күндері Темір ауданында да болды. Онда өрттен бір адам қаза тапса, екіншісі ауруханада. Қазір осы екі оқиғаға байланысты тексеру жүріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!