Елімізде темекі бағасын өсіру туралы ұсыныс тағы үлкен дауға ұласты
Темекі тағы қымбаттауы мүмкін. Темекі десе төбе шашы тік тұратын Еуразиялық коалиция шылымның бағасын еуропадағыдай өсіруді ұсынды. Обыр мен өкпе ауруларының өрши түскенін алға тартқандар бәленің бәріне тым арзан акцизді кінәлауда. Түтіннің кесірінен өлім-жітім көбейді деп ұрандатқандар Үкімет басшысына хат жолдап та үлгеріпті. Десе де, жұрттың денсаулығына жаны ашыған белсенділердің әрекеті өндірушілер мен темекі шегушілерге ұнамай қалды.
Автор: Аруна Ортай
13.09.2017
Денис темекінің қымбаттайтынын естіп, оны жиі тартатын болған. Жігіт бастамашыл топқа деген ашуын солай басып жүр. Соңғылар темекіге қарсы күресті күшейту мақсатында акциз құнын еуропадайғыдай өсіруді ұсыныпты. Десе де, Денис одан шылымқорлар азаймайды деп отыр.
Денис Ибрагимов, «Қазақстандағы темекі шегушілердің құқығы» қоғамдық қорының ұйымдастырушысы:
-Әрине, темекінің қымбаттауына қарсымын. Тек мен ғана емес, шылым шегетіндердің бәрі қарсы. Олар бізбен есептеспейді. Күштеп темекіні тастатқызғысы келеді. олай жасауға болмайды ғой. Әр адам саналы түрде темекіден бас тарту керек. Ал бағасын қымбаттату деген нағыз барып тұрған араңдатушылық.
Темекіге қарсы белсенділердің кезекті әрекеті бизнесмендерге де ұнамай қалды. Тіпті, жүйкесіне тиіп отыр. Себебі, акциз құны өссе, дүкен сөрелерінде контрабандалық тауар қаптай түспек. Ал бұл кезде компаниялардың саудасы жүрмей қалады.
Евгений Никольский, Темекі компаниясының бас директоры:
-Темекі бағасының күрт өсуі контрафактінің көбеюіне әкелді. Салдарынан, бюджетке түсетін салық та азаяды. Қазірдің өзінде ешқандай акциздік таңбасы жоқ 100-150 теңгелік шылымдар базарларда толып тұр. Сапасы қандай екені белгісіз. Денсаулыққа нағыз зиян солар ғой.
Десе де, темекіге қарсы күрескерлер алған беттерінен қайтпақ емес. Тіпті, Бақытжан Сағынтаевқа хат жолдап қойып ұпайы түгел боп отыр.
Жәмилә Садықова, «Темекі түтінінен азат Қазақстан» қозғалысының жетекшісі:
-Біз кеше Үкімет басшысына арнайы хат жолдадық. Онда акцизді Еуропа елдеріндегідей 70 пайызға өсірмесек те, тым болмаса 50 пайызға көтеруді сұрап отырмыз. Бұдан Үкімет тек ұтады. Өйткені, акциздердің есебінен бюджет толығады. Ал ең бастысы, біз азаматтарымыздың өмірін сақтап қаламыз. Өлім-жітімді азайтамыз.
Соңғы мәрте темекі бағасы мамыр айында 340 теңгеге өскен. Коалицияның ұсынысы қабылданса, бір қорабының құны мың теңгеден асып түспек. Темекі шегушілер қауымдастығына сенсек, елде 4,5 миллион тұрғын шылым тартады екен. Қымбатшылықпен бірге бюджетке олардан түсетін кірістің азаятынын ескерсек, есесіне осыншама адамның денсаулығын сақтап қалуға болады екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!