Қазақстанда кітап нарығы кенжелеп жатыр
«Алтын қалам» әдеби жүлдесі аясында дөңгелек үстелге жиналғандар осылай деп дабыл қағып отыр. Көлденең көк аттының баспа ісімен шұғылданып, сапасыз кітаптардың қатары артқанын, оқырман мен қаламгер арасындағы байланыстың үзілгеніне қынжылған олар, осы саланың аяғыннан тік тұруына мемлекеттік тұрғыдан қажырлы көмек керек дейді.
Автор: Мақсат Мәліков
14.09.2017
Көкейде жүрген келелі мәселені ашына айтқан қаламгерлер, бүгін талай жәйттің бетін ашты. Техникалық базасы жоқ баспалардың мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтініне налыған олар, ақшасы төленген кітаптың еш кедергісіз жарық көретінін тілге тиек етті.
Тұрысбек Сәукетаев, жазушы:
-Үш адам, бес адам жиналып аламыз да, ана жақта министрлікте отырған адамдарға көз қысамыз. Бізге мынадай бірлік беріңдер дейді, алады, сонымен отырады. Басқа ештеңе жоқ.
«Осылайша сапасыз кітаптардың кесірінен оқырмандарды жирендіріп алдық» деген әріптесінің пікірін қолдаған Баспа директоры Қадірбек Құныпияұлы, қазір мемлекеттік тапсырыспен шығып, түрлі кітапханаларға жолданатын 2 мың дананың оқырмандарға толық жетпейтінін айтады.
Қадірбек Құныпияұлы, «Ан Арыс» баспасының директоры:
-Енді осы тұста Үкімет аудан орталықтарында жабылып қалған кітап дүкендерін қайта қалпына келтіру керек. Соның арқасында кітап нарықтық қатынасқа түсіп, оқырмандарға жете бастайды.
Бір қуанатыны, биыл мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптың саны 5 мың данаға дейін көбейген екен. Әдебиетті қолдау үшін түрлі жекелеген жобалар да қолға алынған. Соның айғағы ретінде, бір ауыздан – бүгінгі жиынның ұйытқысына айналған «Алтын қалам» әдеби жүлдесі айтылды.
Кенже Жұманұлы, «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің ұйымдастырушысы:
-Биыл «Дарабоз» бәйгесін қанатымыздың астына алдық. Бұл Балаларға арналған жоба болатын. Оның жеңімпазына 1 миллион теңге беріледі.
Жиын барасында еліміздегі кітап дүкендеріндегі бағаның шарықтап тұрғаны да назардан тыс қалмады. Қаламгер қауымы, «сауда орындарында негізгі бағаға 40 пайыз үстеме қосылады, соның салдарынан кітап көпшіліктің қолына тие бермейді» деп қынжылады.
Қаламгер мен оқырман арасында дәнекер болуға талпынған топтың пікірі әр қилы. Тіпті, осы салада өнімді еңбек етіп келе жатқан отандық баспаларды уақытша салықтан босату жөнінде ұсыныс тасталды. Соның арқасында еліміздегі кітап және баспа ісі нарығының бойына қан жүгіріп, көптеген олқылықтың орны толмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!