{metadescription}
 Шымкентте үйлері сүрілетін 600-ден аса отбасы өтемақыға риза емес
 Шымкентте үйлері сүрілетін 600-ден аса отбасы өтемақыға риза емес

Шымкентте үйлері сүрілетін 600-ден аса отбасы өтемақыға риза емес

Қаланың қақ ортасындағы Қошқар ата өзені бойында орналасқан жұртқа баспаналарыңыз сүріледі деген хабарлама келген. Ал олардың орнына элиталық көпқабатты үйлер саламыз деген шаһар басшылығы тұрғындарға нарықтан әлдеқайда төмен баға ұсынып отыр.

Шымкентті қақ жарып ағып жатқан Қошқар ата өзенінің бойындағы жұрт қазір үреймен күн кешіп жүр. 634 шаңыраққа мемлекет қажеттілігі үшін баспаналарыңыз сүріледі деген хабарландыру келген. Бірақ, мұнда ондаған жылдар бойы тұрып жатқандар билік ұсынған өтемақыға наразы. Ол баға нарықтан әлдеқайда төмен дейді жұрт.

Лейла Мирзаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

 -Бағалаушы мекеме өкілдері келіп, үйімді 9 миллион 929 мың теңге деп бағалады. Баспанамның 75-80 пайызы ескірген деп тапты. Бірер жыл бұрын ғана кірпіштен салынған жап-жаңа үй қалай ескіреді сонда? Неге біз өмір бойы үй салуымыз керек, ал біреулер келіп «9 миллион береміз, кет» дейді.

Қаланың қақ ортасындағы 29 гектар жерде орналасқан учаскелерді тып-типыл етпек. Олардың орнына көпқабатты үйлер салмақшы. Бірақ тұрғындар ұсынылған бағаға тең дәрежедегі учаскелер алу да, тәуір үй салу да мүмкін емес дейді. Сондықтан, жұрт әкімдікке не бағалаушы мекемені ауыстырсын, не беріп жатқан өтемақы құнын көтерсін деп отыр.

 

Мәселен, Юрий Микропулоның отбасына бағалаушылар келіп, 10 сотық жері мен қосымша құрылысы бар үйі үшін бар жоғы 13 миллион теңге ұсынған. Бұл әкімдіктің қасақана істеп отырғаны дейді жұрт.

 

Юрий Микропуло, Шымкент қаласының тұрғыны: 

-Менің үйім нарық бағасымен ең кемі 30 миллион теңге тұрады. Ал фотоаппаратына бірнеше сурет түсіріп,5 минут болмай кетіп қалған бағалаушы үйімді 13 миллион теңге депті. Пайда табайын деп отырған жоқпын. Бірақ нарыққа сәйкес қаржы берсін. 

 

Шенеуніктер болса, жұрттың дүрлігуіне негіз жоқ екенін айтады. Бағалаушы мекеменің ұсынған бағасы әлі талай мәрте қаралады деп, жұртқа басу да айтып жатыр. Елдің көз жасына қалмаймыз деген ақ жағалылар қажет болса әр тұрғынмен жеке ақылдасатынын жеткізді.

 

Қасымбек Сайлауов, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Сол жердегі жер учаскесі де, үйлерде нарықтық бағамен бағаланады. Ары қарай ол азаматпен жеке келісіледі. Келіссөздер жүргізіледі. Сол азамат келісімін берген жағдайда ғана ол жерлер мемлекетке алынады. Егер ол келісім бермесе жер учаскесін ала алмайды.

Алайда жұрт әкім-қаралардың тәтті сөзінен секемденіп, сенімсіздік білдіреді. Себебі, басшылық жұрттың өздері тәуелсіз сарапшы шақыруына үзілді-кесілді қарсы. Десе де, әліптің артын бағып отырған халық шенеуніктер төмен баға ұсына берсе, үйімізден кетпейміз деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде