Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысында өткен жаттығудың кемшілігін атады
Жау жоқ деме, жар астында. Бүгін таңда Жамбыл облысының Сарыбастау тауына тығылған қарулы топтың ошағы анықталды. Елдің барлық күштік құрылымы демде қауіпті аймаққа аттанды. Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов та оқиға орнының басы қасында қадағалап жүр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
20.09.2017
Мұздай қаруланған жау Сарыбастаудың етегіне жасырынған. Ұшқышсыз басқарылатын Винлонг аппараты олардың апандарын анықтап, сандары 150-ден асатынын нақтылады. Қағылған дабыл, қалғыған даланы дүрліктіріп, мүлгіген тыныштықты бұзды. Толассыз атыстан айнала шаңға тұншықты. Бұл «Қаратау-2017» жедел тактикалық операциясы еді. Сценарий бойынша тығылған жауды төпелеу әуе соққысынан басталды.
- «Қаратау 2017» оқу-жаттығуы бұрынғылардан өзгерек. Өйткені, мұнда барлық күштік құрылым жаудың ошағын жоюға жұмылдырылған. Жаңа ғана әуеде МИ 35 тікұшақтары атқылады. Ал, қазір артымызда өздеріңіз көріп тұрған «Арлан» әскери көлігі де ұрысқа белсене кірісіп кетті. Ал,жаңа ғана қатарға танктер де қосылды. Мұндай атыстың тасқынына қарсыластың тосқын болуы екіталай.
Жедел стратегиялық операцияның шашбауын көтеруге барлық күштік құрылым тайлы тұяғы қалмай жеткен. 6000 ға жуық сарбаз бен мыңнан астам техника тартылған. Артиллерия, жаяу әскер, танктер сырт көзге сын сағатында сыр бермеді. Дегенмен, Қазақстанның Қарулы күштері Бас штабының бастығы, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Майкеев кемшіліктердің барын жоққа шығармады.
Мұрат Майкеев ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары:
-Кемшілік басқаруда, кемшілік даладағы дайындығында. Әртүрлік кемшіліктер.
Кемшіліктердің бірі министрлік ауыз толтырып айтып жүрген мына құрылғыдан да шықты. Жабық желімен байланыстыруға жауапты аппаратты Қорғаныс министрі қолға алғанда ақау шығып, арғы бетпен байланысу мүмкін болмады.Бірақ, Сәкен Жасұзақов орынбасары Майкеевтің айтқан кемшілігіне тоқталмай, тақырыпты жылы жауып қойды. Керісінше, саладағы жақсылықты асырып айтты.
Сәкен Жасұзақов ҚР Қорғаныс министрі:
-Осы қазір бірінші мәрте алып жаттығуда қолданып жатырмыз. Барлығы барлауға жатады ғой.
Министр мақтаған бұл құралдардың қаншалықты кәдеге жарары уақыттың еншісінде. Бүгінгі жедел тактикалық операцияның жалғасында ертең Алматы облысындағы «Көктал» полигонында жалғасады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!