Келімбетов көп мақтаған қаржы орталығының қарапайым халыққа қандай шарапаты тиеді?
Астана халықаралық қаржы орталығы әлемнің бай-бағландарының дүниесін жасыратын офшорлық аймақ болмайды. Бүгін Қайрат Келімбетов, жарнамасы жер жарған орталықты ресм түрде таныстырды. Ұйымның бюджеті бекітілген, жұмысын желтоқсанда бастауы тиіс. Ал қаржы орталығы жайғасуы қажет ЭКСПО қалашығын көрмеден кеңсеге бейімдеу жұмыстары тек келесі жылы аяқталады. Десе де, Келімбетов кедергі көрмейді.
Автор: Азамат Алдоңғаров
20.09.2017
Дүбірі басылып, демін енді еркін алған ЭКСПО көрмесінің құрылысшылары жылдар бойы асығып салғанын, баппен бұзып жатыр. Дәлірегі сән-салтанатты қалашықты брокерлер мен шетелдік инвесторлардың ыңғайына сап, кеңсеге айналдыру машақаты бұл. Сонымен, көрме қаржы орталығына айналған күнде елде не өзгереді? Кинодан көрген Американың Уолл-стритінің өмірі елорданың сол жағалауына жетеді. Жетпесе де, ұқсатып бағамыз дейді Қайрат Келімбетов. Ал оның алғашқы қадамы алдымыздағы желтоқсанда жасалмақ.
Қайрат Келімбетов, «Астана халықаралық қаржы орталығының» басшысы:
-Биржа жанданады. Желтоқсанның басынан 10-ына дейін сынақтан өткізейік деп отырмыз. Толық дайын болған күнде жекешеленлдіру бағдарламасына қызмет етеді. Ең алғашқы болып Эйр Астана мен ҚазАтом өнеркәсіп орталық алаңында ашық саудағы түспек.
Яғни әлемдік және өзіміздің ұлттық компаниялардың акциялары енді «Астана» алаңында сатылады. Ал Келімбетов бастаған брокерлер оларды шетелдің бай-бағландарына жарнамалап, ақшаларын Астанаға тартуы тиіс. Акциялар құнсызданып, ақ жағалылар шашын жұлып, дауласатын қызу жұмыс жүреді бір сөзбен. Қайрат Келімбетов алғашқы күннен Астананың капитал жасыратын офшорлық аймақ болмайтынын ескертті.
Қайрат Келімбетов, «Астана халықаралық қаржы орталығының» басшысы:
–Біз Сингапурдың ұстанымында болатын шығармыз. Яғни қатаң реттеу тәртібін қолдаймыз. Тез пайда болып, дәл солай тез жоғалатын офшорлық жоба жолымен жүрмейміз.
Әлемде қазір ірілі-ұсақты 800 қаржы орталығы бар екен. Солардың қатарына қосылатын жас Астана, 2025 жылға дейін 40 млрд доллар инвестиция тарту батыл жоспарын көздеп отыр.
Саясат Нұрбек, «АХҚО Әкімшілігі» АҚ басқарушы директоры:
-Астананы қазір халықаралық қаржы орталығы ретінде қалай сата аламыз. Қазақша, жалпақ тілмен айтқанда бәсекенің көкесі енді-енді шығып жатыр. Әр мемлекет өзінің шоғырланған капитал жүйесін көрсеткісі келеді. Біз өзімізді көрсететін нарықтарға келетін болсақ, бес үлкен нарық.
Біз көз тіккен бес нарық – Оңтүстік Шығыс Азия, ТМД елдері, Еуропа, Солтүстік Америка және Таяу шығыс. Біздің мамандар бұл елдерде Астананың сойылын соғатын әріптестеріміз бар дейді. Олар Шанхай, Дубай, Лондон, Мәскеу сынды қаржы орталықтары. Біздің орталықтың қалыптасқан қаржы ұйымдарынан ерекшелігі, Астана баламалы валюта, яғни электронды ақшамен де сауда жүргізбек.
Қайрат Келімбетов, «Астана халықаралық қаржы орталығының» басшысы:
-Біздің жоспарымыз бойынша ЭКСПО алаңы криптоалқапқа айналуы тиіс. Қазір бірқатар мемлекеттердің орталық банктері бұл үрдісті қолдаса, басқалары қызуғушылықпен артын бағып отыр. АҚШ пен Сингапур тіпті криптоэкономиканы дәстүрлі экономикамен теңестіргісі келеді. Жапония төлем құралы ретінде әлдеқашан қолданып жүр.
Барлығы ойдағыдай, құжаттағыдай іске асса, он жылда жетекші 20 қаржы орталығының қатарына қосыламыз дейді Қайрат Келімбетов. Жұмысы ағылшын тілінде жүретін ортылықтың тіл меңгермеген, қалтасында артық ақшасы жоқ қарапайым халыққа қатысы шамалы. Сондықтан көпшілік шетелдік инвестициямен көркейген экономикадан ғана үміт көреді.
Қазақстанда орналасқанымен қонаққа көзделген орталықтың соты да ағылшын заңымен жүреді. Үкім кесетін судьяларын да шетелден алдыртпақ. Себебі ондай білікті мамандар өзімізде жоқ. Әзірге қағаз жүзінде таныстырылған орталықтың келер жылға бюджеті де бүгін жарияланды. 14 млрд теңгеге жуық. Келімбетовтың сөзінше бұл көп ақша емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!