Астанада ашулы үлескерлер Бас прокуратура ғимаратына басып кірмек болды
Жақып Асановпен кездесуді талап етіп, шу шығарғандарды прокурорлар әрең тоқтатты. «Азбука жильяға» алданған үлескерлер құрылысы аяқталмаған үйлерінің жөнді техникасы жоқ компанияның тұрғызуына үзілді-кесілді қарсы. Соңына дейін салынбаған көпқабатты тұрғын үй кешендерін осы «Орда инжинирингке» Астана әкімдігі берген болатын. Алайда, адамдар бұл компанияға сенбей отыр.
Автор: Жәудір Оразхан
20.09.2017
Бас прокуратура ғимаратына кіруге ұмтылған үлескерлердің барлығы «Азбука жилья» құрылыс компаниясына ондаған миллион теңге салып, соңында ақшадан да, баспанадан да құр қалған. Төрт жылдан бері үйлі боламыз деген үмітпен жүрген олар, бүгін Жақып Асановпен кездеспей кетпейміз деп тұрып алды.
-Асанов! Асанов! Асанов!
Алайда, айқайға басқан әйелдермен кездесуге Асанов шыға қоймады. Бас прокурор ашулы үлескерлерге басу айтып, тынышталдыру үшін орынбасарын жіберіпті. Құрғақ уәдеден әбден мезі болған жұрт орынбасарды тыңдағысы да жоқ. Бес жылдан бері баспанасына кіре алмай жүрген үлескерлердің талабы мынадай:
ДАМИРА СЕЙІТҚАЛИЕВА, ҮЛЕСКЕР:
-Асановтан үйіміз толық салынып біткенше бақылауда ұстауын талап етіп отырмыз. Оның үстіне прокурорлардың келісімімен «Азбука жильяға» тиесілі активтерді жаман сарай да салып көрмеген, мүлдем техникасы жоқ «Орда инжинирингке» сатып жіберді.
Яғни, үлескерлер үйлерінің құрылысын «Орда инджиринг» компаниясының жалғастыруына қарсы. Аяқсыз қалған баспаналарды құрылыс нарығында тәжірибесі бар, танымал компанияларға беруді талап етіп отыр. Аузы күйген жұрт жаңа басшы пәтерлерін енді тағы саудаға салады деп қорқады екен.
- «Орда инжиниринг» пәттерлерді екі рет екі түрлі адамға сатқан.
«Азбука жилья» 9 тұрғын үй кешенінің құрылысын аясыз қалдырған. Солардың бірі - Астанадағы тура министрлер үйінің маңында орналасқан «Айсанам делюкс». Бұл баспана бес жылдан бері дәл осылай тұр. Ал үлескерлер мұндағы пәтердің құнын толық төлепті. Тіпті әлі ірге тасы қаланбаған кешендер де бар екен.
ЛӘЗЗАТ АРЫЗБАЕВА, ҮЛЕСКЕР:
- «Орда инжиниринг» бір жылдан асты әлі бір қазық та қазған жоқ. Жеріміз де, жоқ екен қазық түгілі. «Орда инжиниринг» құрылысшы да емес. Ол ортада жүрген делдал.
Жер сипап қалған үлескерлдердің базынасын сабырлы тыңдап шыққан Бас прокурордың орынбасары ертең әкімдікте арнайы жиын өткіземіз деп, шығарып салды.
АНДРЕЙ ЛУКИН, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
-Ертең таңғы сағат 9-да әкімдікте кездесейік. Жиынға Астана қаласының әкімі мен Бас прокуратура қызметкерлері, полицейлер қатысады. Барлығыңызды тыңдаймыз.
«Азбука жилья» компаниясының басшысы экс-депутат Ерғанат Тайжан 9 тұрғын үй кешенін тұрғызу үшін 3 мыңнан астам үлескерден 40 миллиард теңге жинап алып, қашып кеткен еді. Автрияда түрмеде отырған оның Қазақстанға қашан экстрадацияланатыны белгісіз. Ал оның сыбайластары 8 жылға дейін сотталған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!