Астанада үлескерлер әкімдікке басып кірді
Ашуға булыққан үлескерлер әлі тыншыр емес. Кеше Бас прокурор Жақып Асановтың кабинетіне басып кірмек болғандар бүгін Астана әкімін жұмыс орнына іздеп барды. Алайда Әсет Исекешовтың қабылдаунына кіру де оңайға соққан жоқ.
Автор: Досжан Маратұлы
21.09.2017
Бірақ, ғимараттың алдына жиналған ашулы үлескерлерден сескенді ме, шенеуніктер көп ұзамай оларды ішке кіргізді. Барлығын тыңдау үшін арнайы кең зал бөлініп, құрылысы сағызша созылған әрбір үйдің проблемасын Исекешов жеке-жеке тыңдады. Көбі атышулы «Азбука жилья» компаниясының үлескерлері. Талаптары сол баяғы - жыры көп сегіз бірдей тұрғын үйдің құрылысын өзге сенімді компания аяқтаса дейді. Өйткені, бұл жұмысты әкімдік «Орда инжинирингке» тапсырғанымен, жұрт оған сенбей отыр. Ал, істі қатаң бақылауға алатынын айтқан қала басшысы үлескерлерге алдымен өзара бітімге келуге кеңес берді. Өйткені, пәтерін асыға күткендердің жартысы керісінше «Орда инжирингті» жақтап отыр екен.
Әсет Исекешов, Астана қаласының тұрғыны:
-Барлығыңызды тыңдадым. Білуімше «Орда инжирингке» 200 адам ғана қарсы шығып отыр. Айтарым, пәтерлеріңізді жылдамырақ алғыларыңыз келсе, өзара ақылдасып, мәселенің басын шешіп алыңыздар. Ал, біз істі құзырлы орындармен бірге қатаң бақылауда ұстап отырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!