Жамбыл облысындағы Қаратау қаласында төрт түлік жаппай қырылып жатыр
Үш күннің ішінде кәріз суы жиналған көлден су ішкен 11 бас жылқы мен 11 қой өлген. Шаруалар малдың арам қатуын жақын маңдағы өндіріс орнынан көріп отыр. Олардың айтуынша, сол Натрий-Цианид зауыты химиялық қалдықтарын осында төгеді екен.
22.09.2017
Бүгін таңертең Қаратаудағы шаруалардың төбесінен жай түскендей болды. Өріске шыққан бір үйір жылқының 11 басы мына көлден су ішкен соң бірінен кейін бірі тәлтіректеп құлаған. Жығылған жылқылар жатқан жерінен тұрмай сеспей қатыпты. Жұрттың айтуынша, қамбар ата тұқымдарының жаппай қырылуына көлдегі су себеп екен.
-Су ішкендері бірден құлады. Тыпырлағандарын қазір көрсетемін. Ана біреулерінің мұрнынан су кетті. Жаны қиналғаны соншалықты бірден құлын тастап жатыр.
Бұл көлге 40 жыл бойы қаладан шыққан қалдық су құйылып келген. Ал екі жылдан бері мұнда Натрий-Цианит шығаратын зауыттың химиялық шайындылары да төгіліп жатыр. Дәл осы улы су жұтқа себеп болуы мүмкін дейді жұрт. Өйткені содан бері мал-жан мен, аң-құстың өлу дерегі жиілеген.
Серікбай Бапахов, Қаратау қаласының тұрғыны:
-Орталық канализация бар қаладан келетін. Соған келіп қосылған. Суларын соған жібереді. Тазаламайды- ау деймін. Сонымен цианид мында кетіп жатыр, содан өлді деп ойлаймыз енді.
Оқиға болған жерде аудан басшылары тайлы-тұяғымен жүр. Бірақ жағдайға қатысты жарытып жауап бере алмады. Тіпті, барынан айырылған шаруаларға шығын көлемі өтелер, өтелмесі де белгісіз.
Берік Қаратаев, Талас аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы:
-Біз енді судан өлген деп отырмыз. Әзірге растай алмаймыз, бұл біздің күдігіміз. Әзірге лабараторияның қорытындысы келгенше нақты жауап айта алмаймыз.
Осыдан бір жарым ай бұрын мына көлден су ішкен 4 бас жылқы арам қатқан екен. Ал екі күн бұрын тағы бір шаруаның 11 бас қойы өлген. Жұрттың айтуынша, содан кейін тексеру жүргізген мамандар, малдың жаппай өлу себебін анықтай алмаған. Осы деректен соң ветиринарлар тағы да сараптама тағайындады. Ал шаруалар бұл оқиға да жабулы қазан күйінде қала ма деп қорқып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!