Алматыда бір топ туристі алдап соққан кәсіпкер қамауға алынды
Жолда қалдырған жолдама. Алматыда бір топ туристі шетелге демалысқа жіберемін деп алдаған "Голубая лагуна" агенттігінің директоры қамауға алынды. Жәбірленушілер қыруар қаржысын осы турагенттің қолына беріп, сан соғып қалған. Ал ақшаны қалтаға басқан ол, шетелде демалыс орнын дайындамақ түгілі ұшақтың да билетін алмапты. Сөйтіп, бірі өз қалталарынан төлеп, саяхатын жалғастырса, екіншілері амалдың жоқтығынан үйде қалған.
Автор: Асқарбек Қазанғап
22.09.2017
Анастасия Солодтың бал айындағы жоспарының күлі көкке ұшты. Мысырға жүректері алып ұшып жеткен екі жастың көңілі қонақ үйде брондалған бөлмесі жоқ екенін білгенде су сепкендей басылды. Келісім бойынша, «Голубая лагуна» агенттігі бәрін алдын ала төлеп, алып қоюы тиіс болған.
Анастасия Солод, Алматы қаласының тұрғыны:
-Біз оған бірден хабарластық. Светлана бәрі дұрыс, төлеп қойғанмын деп ақталды. Алданғанымызды сол жерде ғана түсіндік. Амал жоқ, өз қалтамыздан 700 доллар шығарып он күнге қонақ үйге төледік.
Надежда Алексеева тіпті шекара да аса алған жоқ. Ол да Анастасия сияқты ақшасын берген. Бірақ, Түркияға билет те, қонақ үй де алынбағанын дәл ұшатын күні біліпті.
Надежда Алексеева , Алматы қаласының тұрғыны:
-Біз 27-ші тамыз күні ұшуымыз керек еді. Алайда, агенттік белгісіз себептермен ұша алмайсыңдар, кейінге қалады деді. Осылайша, күтіп жүргенде барлық демалысымыз бітіп қалды.
Ақшаларын кешікпей берем деген Светлананы елеңдеумен күткен тұрғындар, бос уәдеге сеніп келгендерін енді түсінгендей.
-Талай жанды сан соқтырған Светлана Стрижегоцкаяның офисі дәл осы жерде орналасқан. Әлемнің әр түкпіріне апарамыз деген жарнамасы жер жарып тұр. Бірақ, бұл турагенттіктің есігі бірнеше аптадан бері жабық. Тіптен, телефон тұтқасын көтеруден қалған.
Сөйтсе, кеше түнде Стрижегоцкаяның қолына кісен салыныпты. Полицияға одан алдандым деп 13 адам арыз түсірген. Тек осы шағым бойынша келген шығын 10 миллион теңгеден асады.
Мадияр Басшыбаев Алмалы ауданының прокуроры:
- Бұл азаматтар алдында 6 азамат болып менің жеке қабылдауыма келген болатын. Сол жерден арызды алып, дереу ІІД жіберіп, дереу қылмыстық іс тіркеліп ҚР 190 бабымен тергеу әрекеттері басталған. Бүгінгі күнде қысқа мерзімнің ішінде 13 жәбірленуші ішкі істер органдарына келіп арыздарын айтып жатыр.
Күдікті Светлана Стрижегоцкаяның кінәсі дәлелденсе, алаяқтық әрекеті үшін 7 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін. Ал, алданған адамдардың бар қалауы күйген қаржысын қайтару. Бірақ ақшаның қашан қолға тиетіні сол күйі белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!