Ақтөбе тұрғындары Левон Мирзоянның ескерткішін алып тастауды талап етіп жатыр.
Талай қазақтың өліміне себепші болған адамды ұлықтаудың қажеті жоқ деп санайды олар.
Автор: Жаңалық Ахаш
26.09.2017
Көк тастан қашалған бұл ескерткіш осыдан тура жиырма жыл бұрын қаланың қақ ортасына орнатылған. Ол кезде «Мырзажан» аталып келген большевиктің көлеңкелі тұстары әлі ашылмаған болатын. Кейін Қазақстанды 30-шы жылдардың аяғында басқарған Левон Мирзоянның кесірінен мыңдаған адамның жазықсыз атылғаны құжаттармен айғақталды. Енді ақтөбелік репрессия құрбандарының ұрпақтары «Қызыл террорды» ұйымдастыруға белсене ат салысқан адамның белгі тасын мүлдем жоқ қылуды қалап отыр. Сондай-ақ, оның есімі берілген көше атауын да ауыстыруды биліктегілерден сұраған. Әзірге қалалық мәслихат депутаттары Мирзоян көшесін Әлихан Бөкейхановқа беруге қатысты шешім шығарды. Бірақ облыстағы әріптестері мен ономастикалық комиссиядан хабар болмай отыр.
Бақытжан Құрманов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Бұның қандай қазақ халқына бір қолымен басынан сипап, екінші қолымен қанды қолымен қазақтың талай белсенділерін, талай аталарымызды қырғаны белгілі болып тұр. Неге соларды қырған адамға қаланың қақ ортасынан ескерткіш қояды? Неге оған көше беріледі? Біздер осы биліктен заңды тұрде осы ескерткішті алуын талап етеміз. Сұрамаймыз, талап етеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!