Петропавлда жылу беретін компания мен есептегіш құралы жоқ үй тұрғындары арасында дау басталды
Талай жыл мұндай құрал орнатуға көндіре алмаған жұртты енді монополистер ыстық судан ажыратып, жазалап жатыр. Бұған наразы халық бәрібір ондай құрал орнатпаймыз деп жан -жаққа шағым жазып әлек. Ал бұған жауап ретінде коммуналдық қызметшілер жұртты қыста мүлдем жылусыз қалдырмақшы.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
26.09.2017
Пәтер иелері кооперативінің кеңсесіндегі телефонға таң атпастан тыныштық жоқ. Үйлерінде дірдектеген халық қашан жылу береді деп жүріп, мүйіз сұраған тоқал ешікінің кебін киді. Кешелі бері енді ыстық су да жоқ. Жұрттың айтып отырған көлігі жылу беретін компанияның арнайы бригадасы болып шықты. Олар есептегіш құралы жоқ үйлерді ыстық судан ажыратып жүр.
Валентина Тихонова, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Бұл не деген сұмдық? Бізді мазақ етіп жүр ме бұлар? Онсыз да үйде дірдек қағып отырмыз, енді қолымызды мұздай суға малимыз ба? Бармаған жеріміз жоқ. Әкімдікке де, «Нұр Отанға» да бардық. Бәрі бір-біріне сілтейді, біздің жайымызды ойлап жатқан адам жоқ.
Қазір теріскейде түнгі температура минус 2-3 градусқа дейін төмендеген. Бірақ монополист компанияның жұртты жылуға қосатын түрі жоқ. Керісінше, есептегіш құралы жоқ үйлердің есіктеріне «қыста мүлдем жылу бермейміз» деген хабарландыру іліп кетіпті. Ал, жаңа есептеуіш әзірге Петропавдағы мыңнан астам көпқабатты үйлердің тек жартысында ғана тұр. Қалғандары жылу ақысы қымбатқа шығып кетеді, болмаса үйіміз суық болады деп қасарасып отыр.
Сергей Худяков, пәтер иелері кооперативтері қауымдастығының төрағасы:
-Жұртқа есептегіш құрал бойынша жылу ақысы қымбат болмайды деп айтудан шаршадық. Телефонмен де түсіндіреміз, жеке-жеке кездесулер де ұйымдастырамыз, жиналыс жасаймыз. Бәрібір келіспейді.
Қазір еліміз бойынша «жасыл экономика» атты бағдарлама іске асып жатыр екен. Оған сай екі жылда көпқабатты үйлердің бәрінде толығымен жылу есептегіш құрал орнатылуы тиіс. Берілген мерзім аяқталып қалса да , қызылжарлықтар бұған асығар емес.
-Жылу есептегіш құралдың құны шамамен бір миллион теңе. Оны тұрғындар 4 жылға бөліп төлей алады. Кәдімгі тоғыз қабатты үйді алсақ, әр пәтерге шамамен ай сайын 400 теңгеден айналады. Бірақ халық бұған да көнбей отыр.
Енді монополистің жұртты ыстық судан ажыратып жазаламасына амалы қалмаған сыңайлы. Өздерінің бұл әрекетінің заңсыз екенін білсе керек, бізге де түсініктеме беруден бас тартты. Ал оларға ерегіскен халық жертөлеге түсіп, ыстық суды өздері қайта қосып алады екен. Екі жақтың текетіресінің немен тынарын алдағы қыс көрсетеді. Дегенмен монополистің қолында «қыста жылу бермейміз» деген көзірі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!