Ақмола облысында тұрғындар түк бітірмеген әкімді қызметінен қуып кетіре алмай жүр
Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында тұрғындар ауыл басшысына қарсы шықты. Олар 13 жыл шыбық басын сындырмады деп санайтын Баймырза ауылдық аймағының әкімін, депутаттардың қайтадан әкім етіп сайлағандарына үзілді-кесілді қарсы. Олар халық қалаулылыларының тұрғындар пікіріне құлақ аспағанына өкпелі. Көп жыл бойғы Руслан Измайловтың өрескел әрекетіне енді шыдап отыра алмаймыз дейді олар.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
26.09.2017
Ауыл тұрғындары үшін, әсіресе, ашық шұңқырдан алынған лас суды сүзіп, қайнатып ішкен өте ауыр. Бірақ амал жоқ. Суда небір жәндіктер жыбырлап жүреді. Кейде құстарды қуып жіберіп, ауыз су аламыз дейді жұрт. Бұл шұңқырлар Кеңес дәуірінен қалған бұрынғы су құбырының құдықтары. Осындай 6 шұңқыр бар екен.
-Ауыл тұрғындары дәл осы жерден су алып ішеді. Қазір міне, біз де осы шұңқырдағы судың сапасын шелек салып көретін боламыз. Қазір мінеки,су алдым. Қараңыздар, ой міне қараңыздар! Мына суда бір жәндік қалқып жүр. Тышқан ба, әлде бақа ма?
Суда қалқып жүрген өлген бақа екен. 13 жыл бойы ауыл әкімі болған Руслан Измайлов та бұл мәселені талай көрген.Осыншама жыл ауыл әкімі бола тұра, не жол жөнделген жоқ, не су жоқ, ауыл клубын, тіпті су мұнарасына дейін өзі бұзып алды дейді ашынған жұрт. Бір қызығы, ауылға ауданнан басшылар келсе, ол тұрғындардың ауыз ашып, мәселе көтеруіне тыйым салып келген.
Марат Ысқақов, Шошқалы ауылының тұрғыны:
-Онымен жиында ұрсысып қалдым. Ауыз ашып едім, полиция шақырды. Оны қалайша тағы әкім етіп қойды. Аудан әкімдері келгенде бәрімізді қорқытып аузымызды ашқызбайды. Егер ауыз ашсаң әкімдіктен анықтама бергізбеймін деп қорқытады.
Тамыздың 8-інде аудан орталығы Степняк қаласында сайлау өтіп, 12 ауылдың әкімі сайланған. Шошқалы, Баймырза ауылдарынан 10 адамнан қауымдастық құрылған. Бірақ,олардың таңдаған үміткерлері өтпей, тағы да бұрынғы әкімі сайланып кетіпті.
Руслан Измайлов, Баймырза ауылдық аймағының әкімі:
-Бұл не деген әңгіме? Мен не жолдағы қарақшыға ұқсаймын ба? Ешкімді қорқытқан емеспін. Ал суды тасып жүргенбіз. Енді тиімсіз деп коммуналдық қызмет тасымай қойды. Мені депутаттар сайлады. 13 жыл еңбек етіп келем. Ал, ғимаратқа қатысты айтар болсам, ешқандай ғимаратты бұзғам жоқ.
Наразы жұрт жағдайларын білуге ешкімнің келмейтініне де өкпелі. Ал, жаңадан сайланған ескі әкімдеріне наразы олар облыс әкіміне, прокурорға, мемлекеттік қызмет агенттігіне дейін хат жолдаған. Әзірге жауап жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!