Ұлттық банк тұрғындарға ескерту жасады
Теңгенің құбылуынан пайда табамын дегендердің оңбай шығынға батуы мүмкін! Бүгін Ұлттық банк төрағасы азаматтарға осындай ескерту жасады. Ақышевтің айтуынша, қазір еліміздегі макроэкономикалық жағдай қалыпты. Сондықтан, теңгенің нығайып, шетел валютасына жүгіргендердің аяқасты ұтылуы ықтимал. Бірақ, бұған қарамастан елімізде доллар сатып алушылар азаймай тұр. Соңғы кездері сұраныс тіпті 2 есе артыпты.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
26.09.2017
Әсіресе тамыз айында доллар алушылар саны күрт артқан. Тек бір айда 313 миллиард 600 миллионға шетелдік валюта сатып алынса, соның 93 пайызы АҚШ валютасына жұмсалыпты. 5 жарым пайызы еуро, 1 жарым пайызы рубль сатып алуға кеткен. Ал, жыл басынан бері отандастарымыз қолма-қол шетел валютасын алу үшін 1,4 триллон теңге жұмсапты. Жалпы соманың 66 пайызына доллар сатып алынған. Долларға деген сұраныстың артуын бас банктегілер шекара асушылар санының көбеюімен байланыстырады. Әрі жұрт шетелге жиі ақша аударатын болған. Оның үстіне халықтың девальвациялық күтулері жоғарылап кетті. Бұл да жағдайға әсер етпей қоймады. Айта кетсек, кеше доллар теңгені тағы 1 теңгеге әлсіретіп жіберген болатын. Бірақ, бүгін қор биржасында төл ақшамыз қайта нығая түсті. Айырбас орындарында қазір доллар 340 теңгеден сатылуда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!