Алматыда педофилдің құрбаны бола жаздаған қыздың туыстары азғынды өздері іздеуге мәжбүр
Алматыда өзін зорламақ болған педофилді оқушы қыз танып қойды. Бірақ, әлгі азғын сонда да ұсталмай жатыр. Жәбір көре жаздаған жасөспірім, тіпті, қасқойдың түр-тұрпатына дейін суреттеген. Десе де, тергеу пышақ ұстап, оқушының арына арандаған адамға қатысты іс қозғағаннан арыға аса алмапты. Залымның зияны басқа балаларға тиіп кетпесі үшін жәбірленушінің туыстары енді өздері күдіктінің фотороботын жасатып, іздеп жүр.
Автор: Аруна Ортай
26.09.2017
Қарындасының ертеңгі абыройын ойлаған ағасы түрін көрсетпеуді сұрады. Айтуынша, әжептеуір бойжетіп қалған бауырына әлдебіреу пышақ тақап, қалың шөптің арасында зорламақ болыпты.
-Осы жерлерге жатқызып алып тұншықтырған ғой. «Үніңді шығарсаң, қазір пышақтап өлтірем» деп.
Оқиға қас қарая болған. 15 жастағы қыз қосымша сабақтан үйіне қайтып бара жатқан. Әдетте ағасының өзі күтіп алады екен. Бірақ, сол жолы алдын қасқой орап әкетіпті. Қарсылық білдіргені үшін қарындасының тамағын пышақпен тілген. Абырой болғанда, айқайға дер кезінде жеткендер оқушыны құтқарып қалыпты. Ал азғын қамыс арасымен ізін суытып үлгерген. Десе де, қыз күдіктіні танып қойған.
ЖӘБІРЛЕНУШІ ҚЫЗДЫҢ АҒАСЫ:
-Осы маңайда ана бұрышта отыратын дейді. Әйтеуір қасынан қорқып өтетінбіз дейді. Адам топырлап, киімдерін іліп қойып, карта ойнап, арақ ішіп отыратын. Іздеу жүргізіліп жатыр. Бірақ, одан үміт жоқ. Көрсем, танимын дейді.
Бірақ, тергеу қыздың бұл сөзін қаперіне де алмапты. Ал, туыстары педофилдің фотороботын жасатып, оны әр жерге іліп жүр. Айтуларынша, бұл Алматыдан Теректі ауылына қарай бұрылыста орын алған бірінші оқиға емес. Бұған дейін де талай мәрте қаңғыбастар қамыс арасынан қырғидай тиген екен.
ЗАРИНА АЙМАНҚҰЛОВА, ТЕРЕКТІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
-Кешке қарай жалғыз жүруге жүрегіміз дауламайды. Менің өзім жұмыстан қайтқанда күйеуім күтіп алады жолдан. Өйткені, бірнеше мәрте әйелдерді ұрып-соғып, тонап кеткен жайттар болды.
Бала тұрмақ, қас қарайғанда бұл жермен жалпы ересектердің өздері үшінде жүрген қорқынышты. Ал бұл жерге жалпы маскүнемдер мен қаңғыбастар бұрыннан үйір көрінеді. Оған бірден-бір дәлел мына бос ішімдіктің бөтелкелері. Ал кейбір қоқыстарға қарағанда, мұнда қаңғыбастар тіпті тамақ ішіп, түнейтін де көрінеді.
Оқушыны қамыс арасына сүйреген қаскөйге қатысты «сексуалдық сипаттағы күш қолдану» бабымен іс қозғалған. Десе де, бұл Теректі ауылының тұрғындары педофил ұсталмайынша, тыныштық болмайды деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!