«Альфа банктен» 65 миллион теңге ұрлағандар 7 жылға сотталды
Қаржы ұйымының бұрынғы және қазіргі қызметкерлері Иван Жуков пен Максим Бескишкинге сот бүгін осындай үкім кесті. Айта кетсек, маусымның 27-сі Алматыдағы банк бөлімшелерінің біріне шабуыл жасалған болатын. Қылмыскер пневматикалық тапаншамен банк қызметкерін қорқытып, көлемді қаржыны қолды қылған.
Автор: Ербол Тұрымбет
27.09.2017
- Қайырлы кеш, Ербол. Қылмыскерлер қыруар ақшаны қалай ұрлаған? Мән-жайын толығырақ айтып берсең...
Бұл ұрлықта қандай да бір құйтырқұлықтың бары о бастан-ақ сезілген еді. Негізгі ұрының өзі Иван Жуков бұрын осы банкте істеген болып шықты. Тағы бір қызметкер Максим Бескишкин оған ішке қалай ұрын кіруді үйретіп, ұрлық барысында телефонмен байланысып отырған. Тіпті, алдыңғы сот отырыстарының бірінде бақылау камерасына жазылған таспалар дәйек ретінде көрсетілген болатын. Ал нақты ұрланған ақша көлемі 65 миллион 610 мың теңге. Құқық қорғау органдары ол соманы толық күйінде тәркілеп алды. Негізі, Жуковтың қолында пневматикалық тапанша болыпты. Бірақ, оқталмаған. Сол үшін де қылмыстық іс «қарақшылық» бабынан «адам өміріне қауіп төндірмей тонау» бабына ауыстырылған.
-Ал жігіттерді мұндай қадамға баруына не итермелеген? Өздері соны түсіндірді ме?
-Иә, осыған дейінгі сот отырыстарында олар қылмысын мойындап, бәрін жайып салған болатын. Айтуларына қарағанда, көлемді несиені төлей алмаған. Осы ұрлықты сол қарыздан құтылудың жолы деп тауыпты.
-Ұрлықшылар енді белгіленген жаза мөлшерімен келісе ме?
Негізі басында олар жасаған қылмысы үшін кешірім сұрап, мүлде түрмеге қамамау туралы өтінген болатын. Дегенмен, қаперге алатын нәрсе, екеуі де жап-жас жігіттер. Бескишкин 1989 жылдың тумасы болса, Жуков 1993 жылғы жігіт. Екеуі де үйленген, бала-шағасы бар. Сот үкім кесерде осы жайттарды ескергенін айтып өтті. Яғни, 7 жыл ең төменгі жаза болып отыр. Ал келісу-келіспеуі белгісіз. Қорғау тарапы өзі де жарытып ештеңе айта алмады. Әйтсе де 15 күн ішінде қайта шағым түсіре алады. Сондықтан, аяғын күтеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!