Есілдің сол жағалауында аспалы көпірден алты жасар бала құлап, суға батып өлді
Арқанды көпір қала мен саяжай бірлестігін жалғап тұрған жалғыз жол. Қала ішінде тұрып «Батыс» бірлестігіне жетуге басқа мүмкіндік жоқ. Тозығы жеткен өткелдің қауіп аймағында тұратын халықтан басқаға керегі жоқ. Қала әкімдігі адам өлімінен кейін ғана көпірді жамауға кіріскен. Ал саяжайды паналаған халық жанын шүберекке түйіп, қыл көпірден күнде өтуге мәжбүр.
Автор: Азамат Алдоңғаров
27.09.2017
Бір отбасын қан жұттырған қайғы осы көпірдің үстінде болған. Адамдардың өткелден ауып түсіп, суға құлауына елдің еті үйреніп кеткен. Енді қауіптің арты қайғыға соқтырды.
-Жергілікті тұрғындардың айтуынша, аспалы көпір осыдан 15 жыл бұрын орнатылған. Дәл сол қайғылы кеште 6 жасар бала ата-анасының қолынан сытылып шығып, мына мен тұрған жерден суға түсіп кеткен. Осы оқиғадан кейін Есіл аудандық әкімдігі шұғыл тапсырма беріп, көпірдің екі жағына тор тартылып жатыр.
Қолды кеш сермеген әкімдіктің әрекеті Темірбековтер әулетінің қайғысына жұбаныш болмай тұр. Жергілікті халық жамандықтың боларын ескертіп, әкім алдына талай барыпты. Бірақ құжатқа шұқшиған шенеуніктерге кішкентай Еркіннің қазасы ғана ес кіргізген. Ай-күннің аманында немересінен айрылған Күлән апаның көз жасы әдбен құрғаған. Қайғының қалай болғанын қиналып отырып айтып берді. Бауыр еті баласын құтқаруға сол сәтте әкесімен бірге анасы да ойланбастан суға секіріп кетеді.
Күлән Темірбекова, баланың әжесі:
- Жағада тұрған адамдар қағып алама деп ойлаған. Тек күртешесі ауыр болып, аузыма су толып кетті дейді. Дем ала алмай қалған. Сосын әйелі суға кетіп бара жатып, тарпынып, қолымен қармаған күйеуінің иығын басып қалған ғой. Сол кезде бала қолынан сытылып шығып кеткен.
Жергілікті халық соңғы оқиғадан кейін жүрексініп қалса да, қалаға шығаратын басқа жол жоқ. Кішкентай Елнұрды атасы мен әжесі екі жақтап жетектеп мектептен әкеле жатыр. Судың бергі бетінде анасы уайымдап тұр.
Элеонора Дінжанова, саяжай тұрғыны:
-Баламды тек қолынан қатты қысып алып, бісмілләмізді аузымыздан тастамай өтеміз. Есіл ауданының әкіміне төрағамыз барыпты. Ол мен бұл көпірді алып тастаймын депті.
Көпір жоқта - проблема жоқ. Ал саяжайларға Қорғалжын тас жолынан кіргізетін жалғыз жолды көктемгі су жайылу кезінде қазып тастаған. Астана әкімдігі «бұл саяжай» деп, не жолды, не көпірді жөндеуге көнбей тұр.
Евгений Примак, саяжай бірлестігінің төрағасы:
-Өз күшімізбен көпірді жөндей алмаймыз. Халықтан ақша жинап алып, әйтеуір бір жөндеу жүргізуге болады әрине. Ал ертең саяжайды да, көпірді де сүріп тастауы мүмкін. Ертеңгі күнге сенім жоқ.
Бірақ шенеуніктер саяжайдың тағдырын шешуге асығып отырған жоқ.
Эльвира Жүргенбаева, Астана қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Елді мекеннің тұрғындары, сондай-ақ Есіл аудандық әкімдігі тарапынан барлық тиісті ақпараттар жиналды. Қала әкімдігінің назарында. Қандай да бір шешім қабылданса кейінірек оны айтатын боламыз.
Өмір мен өлім арасында жүрген тұрғындардың шенеуніктердің шешімін күтуден басқа амалы жоқ. Ол қабылданғанша бастарын тәуекелге тігіп, қанды көпірден әлі талай жүреді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!