Түркияда жантүршігерлік жол апатынан аман қалған отандастарымызға санитарлық авиация жіберілетін болды
Сөйтіп, 7 бірдей жерлесіміз болжам бойынша 24 сағаттың ішінде Қазақстанға жеткізілуі керек. Қазір дипломаттарымыз тиісті құжаттарды әзірлеп жатыр.
Автор: Досжан Маратұлы
27.09.2017
- Жалпы, жерлестеріміз саяхатқа турфирманың көмегінсіз өздері шыққан. Яғни, алдымен, Алматыдан-Киевке, Киевтен-Стамбулға барып, артынан Кемер қаласынан бір-ақ шығыпты.
Бұл сол 4 бойжеткен,3 жігіт яғни жеті бірдей отандасымыздың Кемерде теңіздің жағасында түскен суреті. Бірақ қыз-жігіттердің қуанышы көпке созылған жоқ. Түн ортасында Кемерден Анталияға бара жатқанда жол апатына түсіп отыр. Жерлестеріміз мінген минивенге, қарсы бетте қатты жүйткіген машина келіп соғылған. Соққының қатты болғаны сонша, екінші көлікте болған 3 түрік азаматы мен қазақтарды апара жатқан жүргізуші бірден қаза тапқан. Құдай сақтап тек, отандастарымыз ғана аман қалып отыр. Бірақ, ауыр жараланған азаматтарымызды ауруханаға апарған кезде біраз қиындықтар туындапты.
Әнуар Жайнақов, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Жеті қазақстандық Антальяға өз беттерінше барған, өкінішке орай, сақтандыру полистері болмаған. Дегенмен, біздің дипломатымыз түрік тарапымен келісімге келді, яғни ауыр жараланған бес қазақстандықтың медициналық шығыстарын такси жүргізушінің сақтандыру компаниясы өзіне алатыны болды. Тағы екі азаматымыз бойынша төлеу мәселесі шешілу үстінде.
Жерлестеріміз қызметін пайдаланған такси компаниясы ота жасауға кеткен барлық шығынды өтеп берген. Тиісті операциядан соң, өмірлеріне төніп тұрған қауіп жоқ. Бірақ, үшеуінің жарақаты ауыр. Екі жігіттің жамбасы сынған, тағы бірінің миы қатты шайқалған. Оның үстіне біреуінің бір көзі көрмей қалған екен. Бұл үшеуі қазір өз бетінше қозғала алмайды. Оларды ұшақпен жатқызып жеткізу керек. Бірақ, мұндай әуе қызметі адам басына бір жарым миллион теңге шамасында екен. Яғни, жерлестеріміз Түркияға өз бетінше барған соң, мұны медициналық сақтандыру көтермейді. Бірақ, депутаттар отандастарымызды бәрібір «Туристік қамқор» қоры алып келуі керек деп отар.
Дания Еспаева, Мәжіліс депутаты:
-Қиын жағдайда қалған қыз-жігіттеріміз «Қамқор» қоры мен «Эйр Астанаға» хабарласып көмек сұрапты. Бірақ, нәтиже жоқ. Мұндай жағдайда «Қамқор» туристерге көмектесуі тиіс. Бұл олардың тікелей міндеті емес пе?
"Қамқор" қоры қыз-жігіттердің Түркияға өз бетімен барғандарын айтып отыр. Яғни , туркоды, не туристік компаниялармен келісім шарты болмаған соң көмектесе алмайтындарын айтқан. Бірақ, бәрібір істі бақылауда ұстап отырмыз дейді.
Инна Рей, «Туристік Қамқор» қорының төрайымы:
-Санитарлық авиацияның ұшағы әзірленіп жатыр. Барлығын Анталиядан тікелей Алматыға алып келеміз. Қазір жерлестеріміз әлі дәрігерлердің бақылауында.
Яғни, аурухана кереуетіне таңылған қыз-жігіттерді санитарлық авиация алып келуі тиіс. Қазір Денсаулық сақтау министрлігімен дипломаттар қажетті құжаттарды әзірлеп жатыр. Болжам бойынша отандастарымыз елге түнде немесе таңертең оралуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!