Ақтаулық шенділер қазақ тілі оқулығына қатысты туындаған дауды шеше алмай, қол қусырып отыр
Осылай базынасын айтқан ата-аналар, екінші сынып оқушыларына жетпей қалған жазу дәптерлерін сатып алудан бас тартты. Олардың өздері анықтағандай, жиынтыққа енетін оқу дәптерлері өзге аймақтарда толықтай таратылған екен.
28.09.2017
Абдыраған ақтаулық ата-аналардың шарасыз күйін түсінетін ешкім жоқ. Қазір қазақ тіліндегі екі оқулық пен оған қосылатын төрт жазу дәптерінің жырын айтып, бармаған жерлері қалмаған. Бірақ, олқылықтың орнын толтырамыз деген жан табылмапты.
Виктория Леоненко, ата-ана:
-Қосымшалар төңірегіндегі дау қатты. Себебі, Қазақстанның барлық аймағында таныстарымызға хабарласып шықтық. Орал, Астана, Өскемен қалаларындағы оқушылардың қолдарына тиген. Сонда Ақтауға келгенде құрып қалып па? Қосымшалар қайда кетуі мүмкін.
Кітап дүкендерінде жетпейтін жиынтықты сатып алуға 7 мың теңге керек. Ал, оқулық пен жазу дәптеріне қосылатын сөздік үшін тағы екі жарым мың теңгеге қымбаттайды. «Сонда бір сыныпты толық қамтуға 285 мың теңге қажет» дейді, ашуға мінген ата-ана.
Нұрсұлу Лепесова, ата-ана:
-Немерем 2Б сыныбында оқиды. Біз де қазақ тілін үйренеміз. Онымен бірге орыс балалар да оқиды. Ата-аналарымен араласамыз. Олардың қазақ тіліне деген көңілі дұрыс, үйренгісі келеді. Бірақ, сөздік жетіспейді.
Ал, мәселесі шешуге тырысқан мектеп директоры, шу шығарған ата-аналарға қарапайым дәптерді қолдана беруге кеңес берді.
Бекес Испекеев, №10 мектептің директоры:
-Біз оқу жылының басынан-ақ қарапайым дәптерлерді қолдана беріңдер деп айттық. Біз ешкімнен талап еткен жоқпыз және ешкімді де мәжбүрлемедік.
Жергілікті білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, екінші сынып оқушылары биыл әдеттегіден көп болатыны есепке алынбаған. «Өзге өңірлерден 7 мың оқушы ауысып келді. Оқулықтардың жетіспеуі содан болуы мүмкін» дейді олар.
Гүлмира Мамаева, Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары:
-Биыл бізде 1 миллиард 68 миллион теңге бөлінді. Былтыр бұл қаражат 850 миллион теңгенің көлемінде болған. Жыл сайыс мәселені май шаммен тексеріп, қажетті қаржыны бөліп келеміз. Минстрлікпен де сөйлесіп, ақылдасып отырмыз. Оқу дәптерін қолдану қатып қалған міндет емес. Оның орнына қарапайым дәптерлерді қолданса болады.
Ата-ана мен мектеп басшылығы арасындағы дауға нүкте қойылғандай болды. Екі тарап сыныпқа бір жиынтықтан әкелініп, қалғанын көшірме арқылы көбейтіп алуға уағдаласты. Ал, мәселені бақылауда ұстаймыз деген білім басқармасы, оқушылар алаңсыз оқуын жалғастырады деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!