Жолсеріктердің шағымынан соң «Жолаушылар тасымалы» компаниясында тексеріс басталды
Ол үшін «Қазақстан темір жолының» вице-президенті бастаған арнайы комиссия құрылыпты. Десе де, әзірге жолсеріктер айтқан заң бұзушылықтың бірде-бірі анықталмаған.
28.09.2017
Нұрдәулет Қилыбай, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшысы:
- Комиссия келіп жолсеріктермен кездесті. Бірақ, біздер сол тұста Еңбек министрлігіне хат жазып, ол жақтан сұраған болатынбыз. Олардан ресми түрде бізге жауап келді. Яғни, еңбек заңдылық бұзылған жоқ деген.
Бірақ, комиссияның жұмысы әлі де жалғасып жатыр. Ал, оның қорытындысы кешірек жарияланбақ. Естеріңізге салсақ, өткен аптада Маңғышлақ-Алматы пойызының жолсеріктері басшыларына деген өкпесін жіпке тізген болатын. Олар артығымен жұмыс істесе де, айлыққа жарымай жүр екен. Тіпті, «Жолаушылар тасымалы» тырнақ астынан кір іздеп, ақыры аз ақшаның өзін қысқартып тастайтын көрінеді. Әрі жолсеріктер әр сапар сайын негізсіз ақша жиналады деп өкпелі. Тіпті, әбден басынған басшылары биыл оларды еңбек демалысына жібермей, қинапты. Жолсеріктер еден мен дәретхана жуып та шаршаған. Бірақ, компания жолсеріктердің мұңын негізсіз деп отыр. Сөздеріне сенсек, тек олардың демалысқа жіберілмеуі ғана шындыққа жанасады. Ал, бұған жазда әрі-бері қатынайтын пойыздардың тым көбейіп кетуі себеп болыпты. Олардың жиі-жиі еден жуушыға айналуы да заңда бекітілген ереже.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!