Алматыда жалақы алмаған автобус жүргізушілері наразылыққа шықты
Еш кеткен еңбек. Алматыдағы нөмірі 34 ші автобустың жүргізушілері жалақыларын айлап ала алмай жүр. 3 ай бойына 40 мың теңгеден айлық төленген 40 қа жуық жүргізуші қалған ақшаларын қайтармайынша өліспей беріспейміз деп отыр. Өткен айда олардың базыналарын арнамыздан көрсеткен болатынбыз. Бірақ, баяғы жартас, сол жартас. Айтуларынша, "Green bus" автопаркі жазған шағымдары мен талаптарын құлаққа ілер емес.
Автор: Асқарбек Қазанғап
28.09.2017
«Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды». Екі айдан бері атпалдай 40 азамат қол қусырып, жұмыссыз отыр. Таң атысынан қас қарайғанша қоғамдық көлікті тізгіндегендер кемелерінің бір-ақ күнде қайранда қалғанына қапаланады. «Грин бас» автопаркі оларға үш ай бойына жалақыларының тек үштен бірін беріп келген. Ал, көлеңкелі табысты қалтаға басқан үшін айыппұлға ұстадықдеп түлкібұлаңға салған көрінеді.
Руслан Заудинов Алматы қаласының тұрғыны:
- Бауыржан Құлышевтің айтуынша 20 мың теңгеден алып кете алмай жатыр екенбіз. Қандай 20 мың теңге? 20 мың теңгеден күніне алатын болсақ, бұлай жиналмайтын едік.
Екі айдан бері таулары шағылған жүргізушілер түрлі мекемелерді жағалаған. Бірақ, шағымдарына құлақ түріп, қайырылғандары жоқ. Сорақысы сол, олар автопарктер арасындағы «қара тізімге» кіріп кетіпті.
Мұқан Қалдыбеков Алматы қаласының тұрғыны:
-Автопарктердің арасында "қара тізім "жасап қойған. Наразылық білдірген сол жігіттердің бәрін сол тізімге кіргізіп, басқа парктерге алдырмай жатыр. Бұл да заңға қайшы әрекет қой.
Мәселенің тігісін жатқызар деген үмітпен жүргізушілер «Грин бас» автопаркінің басшылығына тағы да барды. Компания директоры Бауыржан Құлышевпен қол алысып басталған көрісудің соңы бірін-бірі кінәлаған дауға ұласты. Бір анығы - автопарк наразы жүргізушілердің бәрін жұмыстан шығарып жіберген.
-Бұл түйіткілдің түйіні әзірге тарқайтын түрі жоқ. «Грин бас» паркінің басшылығы тағылған кінәнің бірде-бірін мойындамады. Жалақысыз жүргізушілер болса әділдік іздеп, сотқа дейін шағынамыз деп бекініп отыр. Ал, күн көру үшін әзірге басқа жұмыс табуға мәжбүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!