Жамбыл облысында жол апатына қатысты сот үлкен даумен басталды
Жамбыл облысында бір әулеттегі үш адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты сот отырысы басталды. Меркі ауданында болған осы қайғылы оқиғаға кінәлі ретінде жергілікті тұрғын Нұрболат Шолпанқұлов жауапқа тартылуда. Жәбірленуші тарап болса іс қозғалған бапқа наразы. Тіпті олар жазықтыға бапта жоқ жазаны тағайындауды талап етіп отыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
28.09.2017
Меркі аудандық сотында үкім шыққанша әлі талай дау-дамай болатын тәрізді. Өйткені алғашқы процестің өзінде жәбірленуші мен кінәлі тараптың жақындары жиі-жиі шекісіп, судьядан ескерту алып жатты. Ал жауапқа тартылып жатқан жергілікті тұрғын Нұрболат Шолпанқұлов. Оған абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне себепші болу бабы бойынша іс қозғалған. 27 жастағы азамат өзіне тағылған айыпты толық мойындап отыр. Тіпті, марқұмдардың жақындарынан қайта-қайта кешірім сұраумен болды.
-Басқа қосарыңыз бар ма?
-Жоқ. Кешірім сұраймын, кешіріңіздер. Солай болды, мен әдейі істеген жоқпын.
Шілденің 14-і Амрулаевтар әулеті үшін қаралы күн болды. Ағапаша Амрулаевтың Ладаны тақымдаған 23 жастағы баласы және әйелі, сондай-ақ, туған інісінің 1 жарым жастағы немересі де сол оқиға болған жерде жан тапсырған. Қайғыдан қан жұтқандар күдіктіге қатысты қылмыстық кодекстің 345 бабының 4-ші бөлігімен іс жүргізілгеніне наразы. Бұл баппен қарыстылырған жоғарғы жаза 10 жылдың өзі аз дейді олар. Сондықтан жазықтыны кешірмек түгілі оған ең қатаң жаза беруді талап етуде.
Ағапаша Амрулаев, Аңдас батыр ауылының тұрғыны:
-Ол менің шаңырағымды ортасына түсірді. Мұндай адамдар бостандықта жүрмеуі тиіс. Түрмеде ұзақ отырса ғана түсінеді деп ойлаймын. Ең кемі 17-18 жыл беру керек. Егер сот әділ шешім шығармаса, онда жоғары сотқа шағым түсіремін. Ол мені жалғыз қалдырды.
Үш адамның өмірін жалмаған жол апаты дәл мына мен тұрған жерде болған. Меркі ауданының орталығынан Аңдас батыр ауылына шыққан той кортежінің соңынан ілескен Гелендваген алдымен алдындағы машинаның артынан соғыпты. Кейін ол қарсы бетке шығып кетіп, полиция машинасын жанай өтіп, ладамен бетпе-бет соғылған. Соққы өте қатты болса керек. Өйткені Гелендваген Ладаны 64 метр жерге дейін сүйреп апарған.
Сол апат кезінде қаза тапқан бір жарым жастағы бүлдіршіннің әжесі мен аяғы ауыр анасы да жапа шекті. Екеуі де ауыр халде ауруханаға түсіп, жүкті келіншек түсік тастаған. Қазір еңбекке жарамсыз болып қалған ене мен келін сүйретіліп әзер жүр. Ал жалғыз ұлы мен жарынан айырылған Ағапаша даңғазадай үйде еңіреп жалғыз қалды.
Жол апатына тәртіп сақшыларының да қатысы болуы мүмкін дейді жәбірленушілер. Өйткені марқұм Измир Амрулаев басқарған көліктің соңында келе жатқан полиция машинасы, оны басып озып алдын жауап қалған екен. Сол себепті Ладаның жүргізушісі қарсы бетке шығып кеткен Гелендвагенді көрмей қақтығыс болған. Ал бұл жағдай қылмыстық іске тіркелмепті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!