Елімізде картоптың құны 300 теңгеге жетуі мүмкін
Ірі сауда желілеріндегі бағаларға зерттеу жасаған сарапшылар осылай дейді. Бұның себебі, өткен егістік кезінде диқандар жанар-жағармайға, автобөлшектерге, сондай-ақ, тыңайтқыштарға айтарлықтай шығындалып қалған көрінеді. Сарапшылардың болжамын ауыл шаруашылығы министрлігі қолдай қоймады. Өйткені, нақ картоп өнімі бойынша Қазақстан өз-өзін толығымен қамтамасыз ете алады екен. Алда-жалда баға осылай құбыла қалса, қара халық қайтпек?
Автор: Ербол Тұрымбет
28.09.2017
Қала базарларында былайғы жұрт сарапшылардың қымбатшылық туралы болжамынан бейхабар. Әдетте баға өседі дегенді естісе төбе шашы тік тұратын жұрт бізден естіген жаңалықты да жақтыра қоймады.
Гүлзия Әшірбаева, қала тұрғыны:
- Менде үш балам бар. Мен үшін ауыр болады. Бір келінің өзі екі күнге жетпейді.
-Әдетте қарапайым халық көкөністер мен жеміс-жидектерді осындай жайма базарлардан алғанды дұрыс көреді.
- Апай, маған картоп бересіз бе?
- Берейін.
Мәселен, мына картоптың бағасы бұл жерде 120 теңге, кей жерлерде тіпті 110 теңге тұрады. Ал ірі сауда дүкендерінде ол одан да қымбат болуы мүмкін. Қарапайым халық картоптың осы бағада қала бергенін қалайды.
Елімізде картоптың орташа көтерме бағасы қазір 35-тен 55-ке көтерілген. Аздан соң 90 мен 130 теңге аралығында болады деп жатыр. Өйткені, шаруалар көктемгі қыруар шығынын өтеу керек. Көкөністер ішінде қымбатшылыққа қатты ұрынғандардың тағы бірі қияр болып отыр. Оның себебі, қазір егістіктегі қиярдың бәрі жиналып болды. Пияз бағасы да шығандай бастады. Ал сәбіз 15 пайызға, орамжапырақ пен қызылша шамамен 7 жарым пайызға, қызанақ 7 пайызға қымбаттады.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі сарапшылар болжамына кереғар пікір айтып отыр. Министрлік өкілдерінің деректеріне қарасақ, биыл өнім жылдағы әдет бойынша артығымен жиылмақ.
АЛМАТ ҚОНАҚОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ ЖЕР БӨЛІНІСІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
-Биылғы көкөністердің егістік алқабының жалпы көлемі 144 мың гектарды құрайды. Одан 3 миллион 700 мың тонна өнім жинау көзделіп отыр. Ал елдің сұранысы 2 миллион 400 мың тоннаны құрайды. Яғни, жалпы өнім көлемі сұранысты 154 пайызға артығымен қамтамасыз ете алады деп отырмыз.
Министрліктің өз есебі бойынша, картоп өнімі де биыл елдің сұранысынан артығымен жиналайын деп отыр. Сондықтан, қарапайым халық үшін алаңдауға негіз жоқ дегенге сендіргілері келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!