Тараздағы қатаң тәртіптегі 158-4 түзеу мекемесі қарттар күніне орай ерекше ашық есік күнін өткізді
Яғни, колония басшылығы бүгін зейнеткерлерге жазасын өтеуші немерелерімен жүздесуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, түрмедегі жасы егде адамдар да ұл-қыздарымен көрісті. Бірақ оларды іздеп келгендердің қарасы өте өз болды.
Автор: Руслан Әбдіхалық
29.09.2017
Бүгінгі ашық есік күні бұрынғыдан өзгерек. Қарттардың мерекесі қарсаңында қатаң тәртіптегі колонияның қатал басшылары жұмсақ мінез танытып, таң қалдырды. Олар кестеден тыс жасалған кездесуге осындағы тек егде жастағы кісілерді іріктеп шақырып жақындарымен жүздесулеріне қам жасады. Сондай-ақ, жеңілдік есебінде әжелері немересіне, анасы баласына тағам пісіріп әкелуге рұқсат берді.
Айымбүбі Қалтаева, жазасын өтеушінің анасы:
-Ет, күріш, бауырсақ пісіріп әкелдім. Міне, тамақтарым етім де, бәрі бар. Піскен ет бұл. Балық та қуырып әкелдім. Мына жақта да айраным бар, сүтім бар.
Ағасымен бірге абайсызда адам өлтіргені үшін сотталған Нұржан Өмірбеков анам әзірлеген тағамнан дәм татпағалы көп болды дейді. Бүгін шешесі әкелген ет пен бауырсағын сүйсініп жеп алды. Өзінің айтуынша, ол тек анасы ғана ерекше пісіретін тоқашты қатты сағынған. Жазасын өтеуші азамат та құр алақан емес екен. Ол өзі жасаған ағаш ыдысты анасына сыйлық есебінде табыс етті.
-Ана мынау қарттар күніне.
-Ой, рақмет!
Осы табақтан алла қаласа бұйырған асты үйге келіп жеуді нәсіп етсін.
Түрмеде 60-қа жуық қария жазасын өтеп жатыр. Бүгін олар да ұл-қыздары немесе немерелерімен кездесулері тиіс еді. Бірақ көбі түрмедегілерді іздеп келмеген. Түзеу мекемесінің ең қарт сотталушысы 79 жаста. Тұрсынбек Мадрейімов алты жастағы бүлдіршінді зорлауға әрекет жасады деген айыппен 15 жылға сотталған. Ол, жазасын өтеп шыққанша 94 жасқа келеді екен. «Жаптым жала, жақтым күйенің» құрбаны болдым деген қарт өзін ешкім іздеп келмегеніне қатты налыды.
Тұрсынбек Мадрейімов, жазасын өтеуші:
-«Өлсең де бармаймын. Біздің тұқымда сотталған адам жоқ деді. Бармаймын» деп жатыр да. Білмеймін еді, келетін шықғар. Сағынамын ғой, сағынғанмен лажым жоқ.
Бүгін жалпы саны 100-ге жуық шал-шауқанға жақындарымен жүздесуге мүмкіндік берілді. Тіпті перзенттерін іздеп келгендерге бола бермейтін жеңілдіктер жасалды. Яғни, сотталушылардың жатын орындары арнайы көрсетіліп, басқосудың соңы концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!