Ақтөбеде мәйіті табылған кәсіпкердің туыстары полицияның сылбырлығын сынға алды
Жұмбақ өлім! Ақтөбеде қарбыз сатып тұрған жерінен жоғалып кеткен кәсіпкердің мәйіті табылды. 32 жастағы Ерхан Тілеуімбетовті біреулер өлтіріп, қала шетіне тастап кеткен. Осыдан бір жарым ай бұрын марқұмды әріптестері соңғы рет базардан көріпті. Сол күні тал түсте оған джиппен біреу келіп, алып кетеді. Содан кейін ұшты-күйлі жоғалған. Ал қара жамылған отбасы іздеу шараларының жөнді жүргізілмегеніне қапалы.
Автор: Жаңалық Ахаш
29.09.2017
Тілеуімбетовтер әулеті жоғалған жақынының артынан жоқтау айтып қаламыз деп әсте ойламаған. Осы күнге дейін Ерханның аман табылатынына үміттенді. Тал түсте қарбыз сатып тұрған оны бір жарым ай бұрын базардан біреу келіп, ақ джиппен алып кеткен екен. Содан бері оны көрген ешкім жоқ. Ал ағайын-туыс іздеу шараларының жөнді жүргізілмегеніне қапалы. Бақылау камерасына түскен көлікті де таппады деп отыр.
Сарыалтын Исаева, марқұмның нағашы әпкесі:
-Полицияның қатысы бар деп ойлаймын. Неге олар жасырады? Неге олар қылмысты таппайды? Түн ішінде біреуді біреу қағып кетсе оны тауып алады ғой. Машина көрініп тұр. Нөмірі көрініп тұр. Адам түсіп тұр. Неге соны таппасқа екі айдан бері?
-Қаскөйлер Ерхан Тілеуімбетовтың мәйітін дәл осы Богословка ауылына барар жолдың жиегіндегі мына ағаштардың арасына тастап кеткен. Үймелеп жатқан ит-құсты көрген малшы осында бұрылып келеді. Өлі дененің үстіңгі жағынан сау тамтығы қалмапты. Дереу тәртіп сақшыларына хабар берген де сол малшы екен.
Мәйіт далада ұзақ уақыт жатып қалғанға ұқсайды. Туыстары оны тек киімінен ғана таныған. Кісі қолынан қаза тапқан кәсіпкердің туыстарының күдігі күн өткен сайын көбейіп жатыр. Мәйіттің табылғаны туралы марқұмның жақындарына тәртіп сақшылары жақ ашпапты. Аймақтағы ішкі істер департаменті өкілдері бұл оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаудан бас тартып отыр. Тек адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны мәлім.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!