Атбасар жұрты пара алып қамауға алынған әкімдерінің кезекті былығын әшкереледі
Атбасарда көктемгі топан судан зардап шеккен 465 отбасы алдағы қысты үреймен күтіп отыр. Негізі әкімдіктегілер шаңырағы опырылып ортасына түскендерге жаңа баспана беріліп, күрделі жөндеу қажет ететіндерге мемлекеттен ақшалай көмек көрсетіледі деп осыдан 6 ай бұрын айтқан. Ал қазір осы Атбасар ауданында басшы да жоқ. Жұртқа уәдені үйіп-төгіп кеткен әкім Андрей Никишов пен оның орынбасары 4 қыркүйекте 4 миллион теңге парамен ұсталған болатын. Содан бері орнына ешкім тағайындалмапты. Үй-күйсіз отбасылар болса, әлі сол жалдамалы пәтер жағалап жүр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
29.09.2017
-6 көпқабатты үйге кешікпей қоныстануға тиіс атбасарлық 270 отбасы алаңдаулы. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені қыраулы қыс болса, таяп қалды. Ал құрылыс компаниясы 2 үйдің 1-ші қабатын ғана аяқтап үлгерген. 4 үйдің орны енді қазылып жатыр.
Мұны көрген атбасарлықтарда маза жоқ. Сәуір айында олардың барлығының баспанасын топан су басып қалған. Әп-сәтте далада қалғанда оларға мемлекет қаржысына көпқабатты үй салынып, пәтер берілетіні айтылға еді. Басшылық оған дейін амалдап, шыдамдылық танытуын сұраған. Жан-жақтан көмек ретінде келіп түскен қаражатқа пәтер жалдап береміз деген сол кездегі әкімдері Андрей Никишов өз құлқынының құлы болып, парамен ұсталған болатын.
-У Никишова он же говорит у меня 4 программы. Степногорск разморозил, Атбасар нищим сделал.
Табиғат апатынан бері жарты жыл өтсе де, қала іші астаң-кестең. Қирандылар жиналмаған. Ал құлаған үйлердің орындарын реттеуге бақандай 50 миллион теңге бөлініпті. Үйлерді күрделі жөндеуге берілуі тиіс қаражат та тұрғындардың қолына тимепті. Апатты үйлерінің төбесіне жұрт тіреу қойып, амалдап отыр. Баспанасы мүлдем жоқтар сабылып пәтер жағалап жүр.
Тілектес Бәйменова, Атбасар қаласының тұрғыны:
-24 жыл жер үйде тұрдым. Мұндайды көрген жоқпыз. 79 жаста анам бар. Жалдаған пәтерге жылу берілген жоқ. Үсіп отырмыз. Пәтерақыны да төлеп береміз деген. Бір уәдесі де орындалған жоқ. Бұл не бәле өзі?!
Жұрт бұған дейін талай рет әкімдікке барған. Шағым тыңдаудан шаршады ма, шенеуніктер оларды қабылдамай қойыпты. Жанайқайын кімге жеткізерін білмей тілшілерді шақырған тұрғындарға бүгін қала әкімі өзі келді.
Нұржан Комбатуров, Атбасар қаласының әкімі:
-Құрылыс компаниясымен бүгін де кездестік. Олар 16-шы желтоқсанға дейін көпқабатты 6 үйдің құрылысын аяқтаймыз деп отыр. Күнде қадағалап отырмыз, уайымдамаңыздар! Жалға пәтер алғаны үшін де ақылары төленеді. Гуманитарлық көмек ретінде жиналған 31 миллион бар.
Жалпы, топан судан зардап шеккендерге берілуі тиіс көпқабатты 11 үйдің құрылысына, зақым келген баспаналарға, мектепті жөндеуге мемлекеттен 6 миллиард теңге қарастырылған. Бірақ қала әкімінің айтуынша, ол қаржы әлі түспепті. Бұған себеп, әкімдік құжаттарды уақытында әзірлеп үлгермеген. Сондықтан тұрғындар күткен жаңа үй жақында арада бола қоймайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!