Тікелей эфир: Қазақстандық кейбір банктің менеджерлері клиенттерінің есеп шотынан ақша ұрлаған
Олардың сыртынан құжат толтырып, олжаға кенеліп отырыпты. Әйтсе де клиенттерінен ірі көлемде ақша жымқырған «АТФ банк» пен «Сбербанктің» қызметкерлері сотталып тынды. Банкирлердің алаяқтықпен айналысқанын қаржы ұйымдарының ішкі қауіпсіздік қызметі анықтаған екен. Тергеушілер тексере келгенде, «АТФ банктің» төрт бірдей қызметкері жымысқы әрекетін 2015 жылдың қыркүйегі мен 2016 жылдың наурыз айы аралығында жасағаны анықталған. Ал «Сбербанкті» тақырға отырғызған банк филиалдарының бірінің басшысының орынбасары болып шықты.
Автор: Ербол Тұрымбет
29.09.2017
-Армысың, Ербол! Басты сұрақ, банк клиенттері зардап шекпеп пе?
-Жоқ, клиенттер үшін ондай мәселе туындап тұрған жоқ. Өйткені, қаржы құйтұрқылығы белгілі болған сәттен-ақ ақшасын жоғалтқан адамдардың есепшоттары дереу банктің өз есебінен толтырылған. Ал банктің өзі кінәлі азаматтардан сот арқылы қайтарып алып жатыр.
-Студия: Түсінікті. Ал жалпы кім қай банктен қанша ақша ұрланған? Бізге сол жағын жіктеп берсең...
Өз клиенттеріне опасыздық жасаған «АТФ банктің» төрт қызметкері мен «Сбербанктің» екі қызметкері болып отыр. АТФ банк бойынша жағдай былай: қарапайым бір менеджер осыдан тура екі жыл бұрын арам ойға кетіп, біреудің ақшасына қол салмақ болған. Бірақ, оған көмекші керек болып, қасына тағы бір менеджерді көндіріпті.
Артынша оларға тағы екеуі қосылған. Олар жиналып алып өңкей банкте есепшоттары бар, бірақ, банк карталары жоқ адамдарды таңдап алған. Сөйтіп, олардың келісімінсіз карталар жасап, ағымдық есепшоттарын картаға ауыстырып, сөйтіп, банкоматтардан шешіп алып отырған. Осындай жолмен жеті ай ішінде ағымдық есепшоттардан жалпы көлемі 114 миллион теңге жоқ болған. Банктің қауіпсіздік қызметі оларды биыл ғана анықтаған екен.Осы мәселе жөнінде банктің қауіпсіздік қызметінің бастығы түсініктеме берген болатын. Соны тыңдасақ...
Ғазиз Тұрғынбаев, «АТФБанк» АҚ Қауіпсіздік қызметінің бастығы:
-Қылмыскерлер өзара келісіп алып, клиенттердің өтінішін орындап, есепшоттағы қалған қалдығын заңсыз жолмен өздеріне аударып отырған. Бұл жағдайда тек банк қана зардап шегіп отыр. Өйткені, клиенттердің қаражаты банктің өз есебінен толтырылды.
Ал белгілі болған айғақтар дереу тиісті орындарға табысталып, қазір алаяқтардың барлығы ұсталған. Біреуі 5 жылға қамалды. Екеуіне сондай жаза шартты түрде берілді.
- «Сбербанкте» не жағдай болған? Ол жақтағы қылмыскер басшылық қызметте болған көрінеді ғой?
Енді анау айтқандай билік ұстап отырған адам емес. Бірақ, банк филиалдарының бірінде басшының орынбасары болған. Ол әуелі тұтынушыларға арналған 8 миллиондық сертификаттың 1,5 миллионын өзі алып алған. Оның үстіне, былтыр көмекшісі екеуі қайтыс болған клиенттің есепшотындағы 7 миллион 600 мың теңгесін иемденген. Қазір олар да ұсталып, тиісті жазаларын алды.
Абай Жарылқасын, Алматы қалалық соты баспасөз қызметі бөлімінің маманы:
- «Сбербанк» АҚ-ның талап арызы соттың шешімімен ішінара қанағаттандырылды. Екі сотталушыдан банктің тарапына 5. 388 402 теңге мөлшеріндегі материалдық залал өндірілді.
Бірақ, «Сбербанктің» өзінен бұл мәселеге қатысты жауап ала алмадық. Олар үкім толық күшіне енбейінше пікір білдіруден бас тартып отыр. Өйткені, барлық сотталушылар алдағы 15 күн ішінде қайта шағым түсіре алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!