{metadescription}
Елімізде қымбаттаған бензин бекеттерден біртіндеп жоғалып жатыр
Елімізде қымбаттаған бензин бекеттерден біртіндеп жоғалып жатыр

Елімізде қымбаттаған бензин бекеттерден біртіндеп жоғалып жатыр

Басқа түгілі мұнайлы өңірлердің өзінде оны тек талонмен беруде. Қалғандары бағаналардан бағаны шешіп, саудасын біржолата тоқтатқан. Қорында аз-маз жанармайы барлары тапшылық төңірегіндегі шуды ұтымды пайдаланып, үстіне тағы баға қосып сатып жатыр. Ал сан сұрақтың астында қалған жергілікті басшылық тапшылыққа Энергетика министрлігін кінәлауда. Айтуларынша, бензин үлестіруде бар билікті қолына алғандар аймақтағы ахуалды білмей, үлкен ағаттық жіберген. 

Мұнайды өндіретін де, өңдейтін де бірден-бір өңір - Атыраудың өзінде жанармай жоқ. «Мен» деген бекеттер бағаналардағы бағаны алып тастап, бос тұр. Ал мұны ұтымды пайдаланған кішігірім станциялар қордағысын «қара алтындай» қымбатқа сатып жатыр. АИ 92-ні 150 теңгеден, дизельді тіпті елде жоқ бағамен, яғни 199 теңгеге бір-ақ көтеріпті. 

Әркен Ғаббасов, Атырау қаласының тұрғыны:

-Талонның кесірінен бағаны көтеріп жатыр өзіміз білеміз бұны. Оның бәрі енді жоғары жақтағылардың өздерінің жасап жатқан бизнесі деп ойлаймыз. 92-нің қол жетімді болғаны жақсы халық үшін.

Семейде де ірі жанармай бекеттері бірауыздан келісіп алғандай. Бағаналарын жалаңаштап, теңізге тамшы тамызғандай отынды тек талонмен таратуда. Ал талоны жоқтары амалсыздан жаңа бағаға мойынсұнған. Тек қымбаттаған жанармайдың бүгін-ертең таптырмайтын түрі бар.     

Болат Жүнісбаев, Семей қаласының тұрғыны:

-Жанармай бағасы бір апта ішінде қымбаттап кетті. АИ-92, 93 маркалы бензин 2-3 теңгеге көтерілді. Оның өзін бекеттен таппай қиналып жатырмыз.

Тараздың да жанармай құю бекеттерінің түбі көрініп тұр. Мұнда небәрі екі күнге жететін қор қалыпты. Оның өзі бірлі-жарым жерлерде ғана сатылуда. Алдымен қымбаттап, енді ада боп жатқан бензин төңірегіндегі түсініксіз жағдай жамбылдық жүргізушілердің әбден жүйкесіне тиген.     

Әмірхан Жапаев, Тараз қаласының тұрғыны:  

- Халықты ойлайтын ешқайсысы жоқ. Бензин таусылса жатамыз үйде болды.

Ал ауыр сынның астында қалған жергілікті атқамінерлер болса, болған жайтқа үйреншікті әлемдік мұнай бағасын емес, Энергетика министрлігін кінәлап отыр. Айтуларынша, өңірлерге отынды үлестіретін солар. Нақтырақ айтқанда, олар жалдаған жеке компаниялар. Ал соңғылары бензинді тамыр-таныстарымен теңдей бөлісіп алып жүр екен.    

Нұрбай Тілегенов, Жамбыл облыстық Энергетика басқармасы басшысының орынбасары:

-Оларға былай айтқанда бәрібір. Олар облыстың жағдайын білмейді. Кім таныс немесе  кім жақын соған бере салады. Бұл сұрақты жоғарғы жақтағы министрлік қайта қарап шешу керек. Бұрын министрлік берген көлемді біз жергілікті атқарушы орган үйлестіретін. Бұрынғы жүйемен бөлінсе мұндай тапшылық болмайтын еді деп ойлаймын.

Ал бекеттерден біртіндеп жоғалып бара жатқан бензиннің тапшылығын мамандар Павлодардағы мұнай өңдеу зауытының күрделі жөндеу жұмыстарына жабылуымен байланыстырып жатыр. Жығылғанға жұдырық - көрші Ресей жанармай бағасын өсіріп жіберген. Салдарынан, Атырау, Тараз, Семей, Оралда жанармай тапшы. Ал қалған өңірлерлерде әзірге жағдай қалыпты. Баға өзгерсе де, бензин бар. 

 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

01 ақпан

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде