Тікелей эфир: Еліміздің бірнеше аймағында тағы бензин қымбаттады
Оралда бензин бағасы тағы өсті. Ал Қарағанды облысында жұрттың қолы жанармайға жете алмай жатыр. Тапшылықтан Жезқазған, Сәтбаев қалаларында екеуден ғана жанармай бекеті жұмыс істеп тұр екен, оның өзінде әр көлікке бензин өлшеулі мөлшерде құйылады. Ал шенеуніктер жөндеуге тұрған Атырау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттары іске қосылған соң ғана жағдай реттеледі дейді. Қазір жанармай жырына қатысты қарағандылық тілшіміз Саят Сабдалы бізбен тікелей эфирге байланысқа шықты. Саят, сонымен, өңірлердегі жағдай қалай болып жатыр?
Автор: Саят Сабдалы
02.10.2017
Сәлем Мәдина! Қарағанды қаласының өзінде жанармай тапшылығы сезілмейді. Ал, шалғайдағы Жезқазған мен Сәтбаевтағы және Жаңаарқа ауданындағы жанармай бекеттерінде мынадай ұзын-сонар кезек.
Тұрғындар бензинді сағаттап күтіп діңкелегендерін айтады. Оның өзінде бір көлікке ары кетсе 15-20 литр ғана беріледі деп отыр. Облыс билігі өңірде бензин тапшылығы барын жасырмайды. Айтуларынша, Жезқазғанға Ресейден 500 тонна жанармай келе жатыр екен.
Алмас Айдаров Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:
-Қазмұнайгазға 350 тонна жанар май тиеген пойыз Ақтөбе облысына жетті. Қазір жүк пойызының кедергісіз жетуі бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жеке компанияның 150 тонна жанармайы да сол жақтан келе жатыр. Бүгін кешке дейін олар жетуі тиіс.
-Тапшылыққа байланысты жанармай бағасы да қымбаттаған болар?
Иә, Жезқазған мен Сәтбаевта АИ 92 158 теңгеге дейін сатылып жатыр. Ал дизель отыны мүлдем жоқ. Сонымен қатар мұндай тапшылық болмаса да, Ресейден таяқ тастам жерде тұрған Оралда бүгін бензин шамамен төрт теңгеге қымбаттаған. Қазір мұнда АИ 92 153 теңгеге дейін көтерілді, Мәдина!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!