Алматы облысында тұрғындар трансформатор үшін әкімнің жағасынан алмақ болды
Жарық үшін жанжал. Алматы облысындағы Боралдай ауылының тұрғындары трансформатор үшін төбелесуге дейін барды. Өйткені электр қуатын тартамыз деп ақша жинаған ауылдастарының жымысқы әрекеті әшкере болған. 200 үйден төлем алған келіншек тарифті де өзі бекітіпті. Аңғал жұрт осы уақытқа дейін алданып келгендерін жарық үшін қыруар қарыз жазылған түбіртек келгенде бір-ақ ұқты. Ал шын мәнінде трансформатор әлдеқашан әкімдіктің балансына өткен екен. Бірақ, оны жергілікті шенділердің мойындағысы жоқ.
Автор: Асқарбек Қазанғап
02.10.2017
Баладай алдандық деген боралдайлықтардың сабыры сарқылып, төзімі таусылған. Ай сайынғы жарықтың құбылмалы бағасы да қалталарын қағыпты. Үш жыл бойы жарық ақшасын жинап келген ауылдастары Бұлбұл Мыңбаеваның жымысқы әрекетін енді байқадық-дейді олар.
Ринат Далабаев Боралдай ауылының тұрғыны:
- 21-ші ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Біреудің есігін қағып. Кей кезде бұл кісі үйінде болмай қалады. Ертең біз қалай квитанциясыз қалай дәлелдейміз?
Бірақ, Бұлбұлдың бұл мәселедегі «әні» басқа. Ұлардай шулаған тұрғындардың сөзін құлағына да ілер емес. Дауға түрткі бұл трансформатор 2014 жылы тұрғындардың өз қаржысына қойылған екен. Жарық ақшасын жинауға жауапты Бұлбұл Мыңбаева бүгінге дейін әкімдік балансқа алмады деп түлкі бұлаңға салып келген. Енді тұрғындар қарызға белшесінен батқанда, бар кінәні әкімдікке артып отыр. Жаға жыртысқан жұртшылықтың жанайқайын тыңдауға ауыл әкімі келді. Бірақ ол, трансформатор әкімдік балансында жоқ деп, әңгімені шорт кесті.
Мұрат Сәлімбаев Боралдай ауылының әкімі:
-Менде баланста жоқ деп отырмын! Сізге қанша рет айтамын. Мен сіздерге тағы да айтып отырмын, қағазды мен туған жоқпын!!!
Бірақ, тайға таңба басқандай жазылған құжатты көргенде әкімнің аузына құм құйылып, жауаптан қалай жалтарарын білмей састы.
-Вот видите техническое условие в пределах раздела балансовой стоимости выполнен в полном обьеме деп жазылған. То есть на балансе стоит.
-Это вас в каком плане волнует что есть или нету?
-Сіз бағана айттыңыз ғой
-Мен сізге айтып тұрмын
Күн ұзаққа созылған салғыласу мен талқыласу мәселенің тігісін жатқызбады. Халыққа жақын болуы тиіс әкім үндемей құтылуды жөн көрді.
Тамызда төленбеген қарыз тұрғындардың басына тағы да бұлт үйіргелі тұр. Осы апта Алматы жарықтың есепшотына бір миллион теңге аударылмаса, жарық тағы да өшеді. Ал, әкімдіктің кеткен кемшілік пен тағылған кінәні мойындағысы жоқ. Жұртшылық мәселелері шешілмесе, қалалық әкімдікке жан айқайларын жеткіземіз деп бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!