Семейде сөйлеу жағынан жетілмеген балалардың ата-аналары наразылық білдірді.
Айтуларынша, жергілікті билік оларға арнайы шағын орталық ашып береміз деп уәде еткен. Тіпті атқамінерлер онда балалармен жұмыс істейтін логопед, дефектологтармен де тегін қамтамасыз ететінін айтқан көрінеді. Бірақ бұл мәселені тым ұзаққа созып, сиырқұйымшақтандырып жіберіпті. Енді жұрт қызметі қымбат тұратын дәрігерлерді ел аралап іздеуге мәжбүрміз деп отыр. Құзырлы орындардың бұған қатысты не уәж айтқанын тілшіміз Ұлан Нұрахмет айтып береді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
03.10.2017
Бұл балалардың үлкені 8 жаста, ал кішісі 4 жаста екен. Барлығының ақыл-есі түзу. Тек сөйлеу жағынан ғана жетілмей қалған. Ал ата-аналары олардың тіл кемістігін қалпына келтіруге болатынын айтып отыр. Ол үшін балалармен үнемі жұмыс істейтін түрлі мамандары бар, арнайы шағын орталық қажет дейді олар.
Дәуренбек Мұхамәдиұлы, Семей қаласының тұрғыны:
-Осындай орталық болса балабақша секілді. Сонда білім берсе, жақсы болар еді. Мысалыға, біз баланы көпшіліктің ортасына апарып бере алмаймыз ғой. Онда алмайды оны.
Мұндай балаларға орталық ашып беруге жергілікті билік үш жыл бұрын уәде беріпті. Мұның үстіне онда логопед, дефектолог сияқты мамандар тегін қызмет көрсетеді деп сендірген. Осылайша, барлығын қатырамыз деген жергілікті атқамінерлер істі созбалаңға салып жіберген. Енді баласының сырқатына ем іздеген жұрт Астана, Алматыдағы білікті дәрігерлерді жағалауға мәжбүр. Себебі, Семейдегі мамандар бір баламен күніне бір сағаттан артық жұмыс істемейді екен.
Лаула Кәдіржанқызы, Семей қаласының тұрғыны:
-Біз логопедке де барып жүрміз. Дефектологқа да барамыз. Бәрі қымбат. Бір логопед жарты сағатқа 1 700 теңге сұрайды. Ал, бір сағат өте аз. Аптасына үш- төрт рет баруымыз керек.
Ал құрғақ уәде беруден жалықпаған жергілікті шенеуніктер бұл түйткілдің түйіні жақын арада шешілетінін жеткізді. Айтуларынша, олар жаңадан ашылатын орталықтың құжаттарын әлдеқашан әзірлеп қойған.
Наталья Фесенко, Семей қаласы білім бөлімінің басшысы:
-Осы жылдың аяғына дейін орталықты ашып береміз. Қазір соның жолдарын қарастырып отырмыз. Оған жұмсалатын қаражат жақын арада облыс бюджетінен бөлінуі тиіс. Сондықтан арнайы орын іздестіріп жатқан жайымыз бар.
Жаңадан ашылатын орталықта логопед, дефектолог, психологтар қызмет көрсететін болады. Ал олардың бұл жұмысын жергілікті білім бөлімі өздері бақылауға алмақ ниетте. Сондықтан ата-аналарға тағы да күтуден басқа қайран жоқ. Айта кетейік, сөйлеу жағынан жетілмеген балаларға арналған орталық Өскеменде ашылған. Онда мамандар бүлдіршіндермен күніне төрт сағат бойы жұмыс жүргізеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!