Алматыға кеміргіштерден қауіп төнді
Қала тұрғындары тышқан мен егеуқұйрық әбігерге салды деп дабыл қағуда. Сондықтан арнайы мамандар зиянкестермен күресті бастап кеткен. Олар өзен, арықтар мен ашық алаңдарды улап жүр. Бұған қоса, егеуқұйрыққа қарсы у үй-үйге тегін берілуде. Тіпті тышқан тістеп, дәрігерге жүгініп жатқандар бар.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
03.10.2017
Күз келсе көп кешікпей кеміргіштер де қаптайды. Дегенмен, биыл тышқан мен егеуқұйрық өткен жылмен салыстырғанда едәуір аз. Бірақ, соның өзі тұрғындарды әбігерге салуда.
Шафкат Абдуллаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Картоп, помидорды қоймай жатыр.
Сондықтан, мамандар зиянкестермен күресті қолға алған. Олар өзен, арық маңайлары мен ашық алаңдарды таңнан кешке дейін улап жүр.
Бұл у араласқан бидай бромодиалон деп аталады. Бір тышқанға оның 10 түйірі жеткілікті. Соны жегеннен кейін әрі кетсе 5 сағаттың ішінде кеміргіштің көзі жойылады. Қауіпті болғандықтан, бұл уды қолғапсыз ұстауға қатаң тыйым салынған.
Дезинфекторлар қаладағы 140 мыңға жуық жер үйдің ауласын да түгел өңдейді. Әрі үй-үйге тышқанға қарсы у тегін таратылады. Ол үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. Мамандардың бұлай тышқанмен белсенді күрес жүргізуі бекер емес. Өйткені, қазірдің өзінде кеміргіш тістеп, дәрігерге жүгіріп жатқандар бар.
Нұрлан Райымқұлов, эпидемиолог дәрігер:
-Қауіпті ауруларды таратудың бірі болып саналады. Кеміргіштер тістесе өте қауіп.
Кеміргіштер онға тарта қауіпті ауру таратады. Оның ішінде, құтырма, оба, бруцеллез, туберкулез сияқты індеттер бар. Ал, мамандар әр жерге себіліп жатқан удың зиянкестермен күресуге өте тиімді екенін айтады. Сондықтан, көп ұзамай олардың санын біршама азайтамыз деп сендірді. 25 қыркүйекте басталған алдын-алу шарасы қазанның аяғына дейін жалғаспақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!