Алматыда алпысқа жуық отбасы жатақханадан қуылып, далада қалуы мүмкін
«Басымыздағы баспанадан айырмақ» деп, Алматы аудандық пайдалану бөлімін айыптаған тұрғындар енді кімге барып мұңын шағарын білмейді. Қорғаныс министрлігіне тиесілі бұл серіктестік негізінен әскерилерге кір мен еден жуу, техника жөндеу сияқты қызмет көрсетеді.Осы мекемеде қызмет ететін тұрғындарды былтыр басшылық мәжбүрлі түрде басқа компанияға ауыстырып жіберген екен. Енді олар «жатақхананы босатасыңдар» деп талап қойып жатыр.
Автор: Мақсат Мәліков
03.10.2017
Қара суықта ұлардай шулаған тұрғындар Қорғаныс министрлігіне қарасты Алматы аудандық пайдалану бөлімінде қызмет еткен. Бірақ, мемлекеттік мекемеден нәпақа тауып келгендерді былтыр аяқ астынан жеке серіктестікке ауыстырып жіберіпті.
Тәңірберген Ноғайбаев, жатақхана тұрғыны:
-«Әскери құрылыс» деген акционерлік қоғамға мамырда өткізіп жіберді. Сендер бұрынғыдай әскери қызмет етушілер емессіңдер, қарапайым жұмысшысыңдар. Енді жатақханадан шығасыңдар деп отыр.
Ескерту қағазында қызметкерлердің заңсыз тұрып жатқаны көрсетілген. Ал, шақшадай бастары шарадай болған алпысқа жуық отбасы о басында мән-жайдың дұрыс түсіндірілмегеніне наразы. Себебі, кезінде «акционерлік қоғамға ауыссаңдар жатақханадан кетесіңдер» деген әңгіме болмапты. Екі ортада алданып қалдық деген тұрғындар, айлығымыз шайлығымызға жетпесе, қайтіп пәтер жалдаймыз деп зар қағады.
Қасымбек Смағұлов, жатақхана тұрғыны:
-Мына акционерлік қоғам министрлікке қарайды. Мыналардың барлығы 50-60 мыңдық жалақы үшін емес, тек төбедегі баспана, жатақхана үшін жұмыс істеп жүргендер.
Жұрт алдады деп айыптаған "Алматы аудандық пайдалану бөлімі" басшылары болса, мән-жайды түсіндіруге құлықсыз. Тілшілерді көргенде де алды-артына қарамай тұра қашты.Елдің сенімін арқалаған подполковник тал-теректің арасымен бұқпантайлап қашқан соң, оның орнына Қорғаныс министрлігінің өкілдері жауап берді.
Арсен Шәріпов, ҚР ҚМ әскерилерді пәтерге орналастыру бас басқармасының бастығы
-Көрсетілген тұлғалар 2016 жылдан бастап қарулы күштерде қызмет етуші мәртебесін жоғалтты. Алайда, серіктестік қызметкері ретінде ведомствоның инфрақұрылмын жөндеу және өзге де қызмет бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Ал, олардың жатақханада тұру мәселесі әлі талқылануда.
Кейін анықталғандай, жауапты мекеме өкілдері мәселені он бес күннің ішінде шешіп береміз деп сөз беріпті. Бірақ, құрғақ уәдеден шаршаған тұрғындар, егер осы талабымыз орындалмаса Қорғаныс министріне хат жазамыз деп тас түйін отыр. Себебі, қара суық қыспаққа алғанда ешкімнің далада қаңғырып қалғысы жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!