Павлодарда 5 жасар қызға қатысты азғындық әрекет жасады деген күдікпен өгей әке қамауға алынды
Бірақ бүлдіршіннің анасы күйеуін ақтап әлек. Наталья Кудинскаяның айтуынша, бұл қыздарының туған әкесінің екінші күйеуіне қарсы қасақана ұйымдастрып отырғаны ісі екен. Дегенмен осындай шағымнан соң полицейлер 30 жастағы азаматты қамап, тергеуді бастаған. Ал бұл отбасыдағы қыздардың үлкені балалар үйіне тапсырылса, кішісі ауруханада жатыр.
Автор: Әйгерім Шакаманова
03.10.2017
Наталья Кудинская бір аптадан бері өзін қоярға жер таппай жүр. Үш және бес жастағы қыздарын бұрынғы күйеуіне жіберген ол енді оларды бір көруге зар. Айтуынша, пәтеріндегі жөндеу жұмыстарына байланысты балаларды туған әкесінің үйіне аттандыруға мәжбүр болған. Тек мұның соңы жақсылыққа әкелмепті.
Наталья Кудинская, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Балалармен жиі хабарласып тұрдым. Бәрі жақсы болатын. Кейін бұрынғы күйеуім оларға телефон тұтқасын бермей, сан сылтау айта бастады. Туған әкесі болғандықтан қатты алаңдамаған едім. Тағы хабарласқанымда, қазіргі күйеуің қызымызды зорлады деп айыптап, балаларды көрсетпей қойды.
Алайда әйелдің бұған еш сенгісі жоқ. Айтуынша, азаматтық некедегі қазіргі күйеуі қыздарын туған баласындай баққан. Ал 7 жыл отасқан бұрынғы күйеуі ажырасқалы балаларына көк тиын бермепті. Енді оның полицияға шағымдануына әкелік қызғаныш себеп дейді ол.
Наталья Кудинская, Павлодар қаласының тұрғыны:
-Енді қызымды қорлады деп қазіргі күйеуіме жала жабуда. Ол екі жылда балаларымды еш ренжіткен емес.
Бұл мәлімдемеден соң полицейлер 30 жастағы азаматты қамауға алды. Қазір кәмелет жасына толмаған жеткіншекке жыныстық сипатта азғындық көрсету бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.
Айна Тоқтарова, Павлодар қалалық прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры:
-Айыпталушы азаматқа қатысты 2 айға қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасына санкция берілді. Оған кәмелет жасына толмаған балаға азғындық әрекеттер жасаған деген айып тағылуда. Енді ол тергеу біткенше абақтыда отыруы тиіс.
Ал туған әкесінің үйіне барамыз деп полиция бөлімшесінен бір-ақ шыққан қыздардың үлкені балалар үйіне тапсырылса, кішісі педикулезге байланысты ауруханада ем-дом қабылдауда. Тәртіп сақшылары болса, тергеу кезінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған оларды арнайы мекемелерге орналастыруды жөн санапты.
Білім бөліміндегілердің айтуынша, Наталья Кудинскаяға қыздарын қайтару үшін қамқоршылық органдарына барып, тиісті құжаттарды тапсыруы қажет. Еш олқылық болмаған жағдайда, балалар арнайы комиссияның шешімімен анасына қайтарылуы тиіс. Ал қыздардың туған әкесі тілшілерге сұхбат беруден бас тартты. Ол қызына азғындық жасалғаны дәлелденсе, соттан ең қатаң жаза сұрауға бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!