Ұшақ апатынан қаза тапқан дәрігерлер жайлы әріптестері еске алды
Ұшақ апатынан қаза тапқан дәргерлерді кеше ғана соңғы рет көрген әріптестері марқұмдарды еске алып, олардың өмірдегі жарқын сәттерімен бөлісті. Айтуларынша, Талғат Патсаев пен Жәнібек Артықбаев бұған дейін сан мәрте санитарлық авиациямен ұшып, талай рет науқастардың жанын аман алып қалған. «Өзгенің жанын сақтауға аттанған дәрігерлердің қазасы ерлікпен тең» дейді олар.
Автор: Мақсат Мәліков
04.10.2017
Талғат Патсаев Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығында 20 жыл табан аудармастан қызмет етіпті. Аспирант болып табалдырықтан аттаған дәрігер ғылым докторы, профессор дәрежесіне дейін көтеріліп, күні кешеге дейін білдей бөлімді басқарған. Алайда, сұм ажалдың салғанына сенгісі келмеген әріптестері, әлі де оны жарқырап кіріп келетіндей күтеді.
Динара Мырзахметова, Акушерия, гинекология және перинатология ғылымыи орталығының директоры:
-Кеше Талғатпен жолығып, бір сағаттай кеңескенмін. Болашаққа арналған жалпы жоспарларды талқыладық. Оның ғалым ретінде жаңашыл идеялары көп болатын. Көп нәрсені іске асырғы келетін. Амал не, оған жете алмады.
Ал, мынау марқұм Талғаттың жұмыс кабинеті. Жанарын жас шылаған әріптестері, «мына аяқ киімді киіп, үнемі палаталарды аралап жүретін» деп еске алады. Ауыстырып киетін киімі, тіркеу дәптері де сол қалпында тұр. Боралдайдағы әуежайға дәл осы кабинеттен аттаныпты. Шымкенттен жеткен шақырту сол күні келген екен.
Татьяна Кравцова, әріптесі:
-Талғат Анапияұлы үнемі санитарлық авициямен ұшатын. Ештеңге жоқ деп жауап қайырмайтын, жылдам қимылдайтын адам еді. Маңғыстау, Шымкент, Тараз және Алматы облысына ұшып барып жүрген. Бұлай боларын кім білген.
Қаза тапқан қос дәрігердің бірі Жәнібек Артықбаев Кардиология және ішкі аурлар ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеген. «Сандаған науқастың жанын аман алып қалған профессор, теңдесіз білікті маман болатын» дейді, қайғыдан қан жұтқан әріптестері.
Әлинұр Қожахметов, әріптесі:
-Жәнібек Төкенұлы дәрігер ғана емес, керемет ұстаз болатын. Ол әуелі хирургия институтында қызмет істеген. Ол да сан мәрте санитарлық авиациямен ұшып, талайлардың жанын сақтап қалды. Әттең, өз өмірін сақтай алмады.
Әріптестердің пікірінше, алыстағы науқасты құтқаруға аттанған екі дәрігердің қазасы ерлікпен тең. Бүгін олар қызмет еткен медициналық мекемелерде науқастарды еске алу шаралары ұйымдастырылмақ. Қазір қайғыға ортақтасқан қазақстандықтар марқұмдардың туыстарына көңіл айтып жатыр. Бұл екі дәрігерден басқа экипаждың үш мүшесі қаза тапқан болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!