Астанада қызметтік көлігін жеке шаруасына мінгендерді енді ұстап беруге болады
Бүгін Жемқорлыққа қарсы агенттік Астана әкімдігі шенеуніктерінің қызметтік машинасына арнайы қағаз жабыстырып тастады. Яғни осы белгі арқылы олардың заңсыз әрекетін әшкерелеуге болады.
Автор: Досжан Маратұлы
04.10.2017
Яғни, жапсырмада жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің байланыс телефондары жазылған. Бұған кез-келген адам хабарласып, қызметтік көлігін бас пайдасына жаратқан шенеуніктерді ұстап бере алады. Егер дерек расталса, суретті жіберген адамның ұялы телефонына 500 немесе 1000 бірлік жүктелмек. Әзірге мұндай қағаздар Елорда әкімдігінің автокөліктеріне ғана жабыстырылып жатыр. Бірақ, қала әкімі Әсет Исекешовтың темір тұлпары бүгін тұрақта болған жоқ. Алдағы уақытта жемқорлыққа қарсы қызмет министрліктерге қарасты темір тұлпарларды да бақылауға алмақшы. Өйткені, атқамінерлер қызметтік көлікпен ұл-қыздарын балабақшаға, әйелдерін базарға тасуды әдетке айналдырған. Енді осы үшін жазаға тартылмақ.
Ернар Маханов, Астана қалалық Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бөлім басшысы:
-Бірінші кезекте тәртіптік шара, жауапкершілікке тартылады. Егер жаңағы тәртіптік шара қайта-қайта болып, заңбұзушылық жалғаса беретін болса, онда мемлекеттік лауазымға сәйкес шешім қабылданады. Яғни, ол адам жұмыстан да қуылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!