Ақмола облысының Щучье қаласындағы білдей бір ықшамаудан жылусыз қалды
Тұрғындардың жергілікті басшылардан үйлерін бу қазандығына қосуды сұрағанына оншақты жыл болған. Бірақ шенеуніктер оларды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға асығар емес. Ал мұнда негізінен байырғы геологтар мен кеншілер тұрады.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
04.10.2017
-Бұл үйлер бұрын бір орталықтан жылытылғандықтан пеш қойып мұржасын шығаруға шақталмаған.Үй иесі пешке от жаққан сайын түтінге тұншығып отырамыз дейді. Қыс қатты болғандықтан көбінесе көмір жағуларына тура келеді екен. Ыс тиіп талай тұрғын ауырып та қалған.
Тұрғындар әрбір қысты қорқынышпен қарсы алады екен. Өйткені отын-суды дайындау өз алдына, солтүстіктің 6 ай қысында көк түтінге тұншығумен болады. Бұл жағдайды айтып құзырлы орындардың табалдырығын тоздырғалы 10 шақты жыл болған. Оларға жылда құрғақ уәде беріп шығарып салады екен. Биыл да солай.
Александр Шершаков, Щучье қаласының тұрғыны:
-Бізде әкімдер жылда ауысады. Біреуі уәде береді де, кетеді. Сосын екіншісі келеді. Осылайша бізді қинап жатыр. Бармаған, жазбаған жеріміз қалмады. Пеш мұржасын ауа кіретін тесіктен шығарып қойдық. Көршім от жақса, біз түтінге қақаламыз. Бұл пештің дұрыс жылуы да жоқ.
Бұл ықшамауданда 3 жыл бұрын жаңа бу қазандығы салынған. Үйлеріміз сол жүйеге қосылар деп үміттеніпті тұрғындар. Бірақ олай болмады. Қарттарға, әсіресе, даладан көмір тасу қиын. Биыл қыс ызғары ерте түсіп, тіпті қиналып кеткен. «Біздің қандай күйде екенімізге ешкім қарамайды» дейді олар.
Роза Тукубаева, Щучье қаласының тұрғыны:
-Қазір қарттар айы деген шара жүріп жатыр ғой. Соған байланысты анау бір жақтағы дүкенге тіркелдің деп айтты. Өмір бойы еңбек еткен адаммын. Енді дүкенге қалай барып қол жаямын?
Жылу іздеп қамыққан қарттарды тыңдауға атқамінерлер келді. Қала әкімі бірден қарттарға қарсы сөйледі. Мейрам күнінде әрқайсысын барып құттықтауға міндетті емеспін дейді.
Бекахмет Махметов, Щучье қаласының әкімі:
-Ол үшін бұл кісілердің балалары бар. Мен неге құттықтауым керек? Қарттар күні болса, өз анам бар, сол кісіні құттықтаймын. Қызық екенсіңдер, мемлекетке әбден сеніп алғансыңдар.
Ал оның қоластындағы қызметкердің нақты жылуға қатысты жауабы мардымсыз. Заңдарды түсіндіріп әлек болды.
Қайыргелді Мусин, Бурабай аудандық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Біріншіден бұл кісілерге заң бойынша құжаттар дайындау керек. Техниалық кепілдікті к берген соң біз кірісеміз желіні тартуға. Келесі жылы болады деп ойлаймын.
Сол баяғы «болады». Осындай жауап алған тұрғындар бұл басшылардан да қайран болмасын түсініп, үйлеріне тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!