{metadescription}
Министрлер мен әкімдер игерілмей қалған қазына қаржысына жауап бергісі келмейді
Министрлер мен әкімдер игерілмей қалған қазына қаржысына жауап бергісі келмейді

Министрлер мен әкімдер игерілмей қалған қазына қаржысына жауап бергісі келмейді

Сондықтан жыл соңында мемлекеттік мекемелердің шотында бос қалатын миллиардтардың сұрауы енді тек орынбасарлар мен департамент директорларынан болмақ. Үкімет бюджет туралы заңға осындай өзгеріс енгізіпті. Оны бүгін Ұлттық экономика министрі Мәжіліске алып келді. Жаңа құжатты көрген халық қалаулылары министрге жан-жақтан сұрақ қойып, тап берді. Депутаттардың қыспағында қалған Тимур Сүлейменов заң жобасын  қайта өзгертеміз деп, әрең  құтылды.

-Министрлер мен әкімдер жылда депутаттарға ауқымды жоспарларын көрсетіп, қыруар қаржы бөлдіреді де бюджетті бекітіп алады. Бірақ, шенеуніктер іс жүзінде айтқандарын толық орындай алмай әбігер болады. Салдарынан жыл соңында мемлекеттік мекемелердің шотында миллиардтар бос қалады. Және бұл үйреншікті жайтке айналған. 

Депутаттар сол үшін шенеуніктерді талай рет сынады. Тіпті ақшаны  толық игере алмағандарға жазаны қатаңдатайық деп көптен бері айтып жүр. Халық қалаулыларының тоқпағынан шаршаса керек, Үкімет бюджет туралы заңды түбегейлі өзгертуге шешім қабылдапты. Сөйтіп, бірінші басшы, яғни, министрлер мен облыс әкімдерін қазына қаржысына жауапкершіліктен босатқан. Бұл депутаттардың одан сайын ашуына тиді.

Жексенбай Дүйсебаев, Мәжіліс депутаты:

-Қазіргі қарап отырған заң жобамызда көрсетілген, министрліктің тағайындалған бағдарлама басшысы жауап береді деп. Осыны қалай түсінуге болады? Сонда бірінші басшы жауап бермейтін бола ма?

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

-Жоқ, бірінші басшыдан жауапкершілік алынбайды. Мем органның бірінші басшысы тек ғана қаржылық жауапкершілік емес, түпкілікті мақсаттарға қол жеткізу үшін оның жауапкершілігі бар.

Яғни, министрлер мен әкімдер жыл бойы атқарылған жұмыстың   жалпы нәтижесіне жауапты. Ал босқа рәсуа болған қаржының сұрауы  жекелеген жетекшілерден болады. 

Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:

-Мен түсіне алмай отырмын. Бұл заң жобасынан «бірінші басшыны» алып тастап, «бюджеттік бағдарламаның жетекшісі» деген сөзді қалдырып отырсыздар. Оған департамент директоры, вице-министр, басқарма басшысы, мемлекеттік мекемедегі бюджеттік департамент жетекшісі жатады емес пе?

Депутаттардың жан-жақты қыспағына шыдай алмаған Сүлейменов,    заң жобасын қайта қарап, өзгертеміз деп әрең құтылды. Ал мәжілісмендер бюджет ақшасына жауапты қылып бірінші басшыны қалай да қалдырмақ.  Өйткені, онсыз да жылда миллиардтар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуде дейді мәжілісмендер.

Владислав Косарев, Мәжіліс депутаты:

-Қазына қаржысын жымқыруға икемделген талай бағдарламаны көрдік.  Шенеуніктер жаңа жоспарлардың құнын әдейі қымбат есептеп, артық ақша бөлдіреді. Сөйтіп, ешкімге байқатпай шетінен ұрлайды. Бұл үрдіс өте жиі қайталанады.

Сондықтан депутаттар бюджеттік бағдарламалардың бағасын  төмендетуді талап етті. Жоспарлау әдісін түбегейлі өзгертпек. Жалпы, министрлер үшжылдық бюджетті мұнайдың бағасы 45 доллар, АҚШ ақшасының теңгеге шаққандағы бағамы 340  болады деп есептеген. Ал келесі жылдың шығыны 9 триллион теңгеген асады. 

Сондай-ақ, жаңа заң жобасында ұлттық компаниялар мен холдингтерге берілетін мемлекеттік қарызды Ұлттық экономика министрлігі шешеді деп жазылған. Депутаттар бұл тармақпен де келіспей отыр. Мәжілісмендер квазисекторға берілетін әр тиынға Үкімет жауапты болуы тиіс дейді. Халық қалаулылары бюджет туралы заңға өз ұсыныстарын енгізіп, екінші оқылымда тағы қарайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде